17-18 қазанда «Астана Балет» театрының сахнасында сезім, музыка және би иірімдерінен өрілген екі актілі «Қос кілем» балетінің премьерасы өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ширван кілемі туралы көне әзірбайжан аңызының желісімен қойылған туынды – көрермен қауымды кілем өрнегі өмір шежіресіне айналып, әр иірімі тағдыр мен жад атаулыны қызғыштай қорыған әлемге жетелеп әкетеді. Оқиға өзегі – балалық шақта пайда болып, түрлі сынақ, соғыс мен айырылысуға қарамастан өшпеген махаббат сезімі. Уақыт пен екеуара көз жазу, мұң мен үміт астасқан сынақтарға мойымай, кейіпкерлер қайта табысады.
Ләйлә кейіпкер өз тағдырының шебері іспетті кілемге қуаныш пен азап, үміт пен махаббат сезімін өрнекпен тоқиды. Оның өнері сынақтардан өтіп, адалдықты сақтай алған адам болмысының көрінісі секілді.
Либретто әрі жобаның идеясының авторы – Валерий Копейкин философиялық тереңдік пен ұлттық нақышты сақтауға күш салды. Режиссер әрі хореограф Александр Могилев көне аңызды заманауи сахналық туындыға айналдырып, классика мен жаңашылдықты, пластика мен драманы үйлестіре білді. Композитор Арсений Смирновтың музыкасы Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі театрдың симфониялық оркестрінің орындауында қойылымға күш, эмоциялық байлық пен оркестрлік күш-қуатты дарытты.
Спектакльдің көркем бейнесін жасаған суретші Анастасия Капустина, костюмдерін белгілі дизайнер Игорь Чапурин, ал сандық графика мен анимацияны Александра Артамонова жүзеге асырды. Жарық пен декорациядан бастап, әрбір элемент – тұтас әрі поэтикалық сахна әлемін құруға бағытталған.
Театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов:
«Бұл жобаның айрықша құндылығы – екі мықты шығармашылық ұжымның – MOSAIC DEL ARTE халықаралық компаниясы мен «Астана Балет» театрының бірлескен жұмысының жемісі. Бүгінгі премьера – ортақ бағытымыздағы жаңа қадам, сенімнің, өзара түсіністіктің және өнерге деген сүйіспеншіліктің көрінісі»
«Қос кілем» балеті – жай ғана сахналық туынды емес, жад, махаббат және адам жүрегінің төзімділігі туралы философиялық әпсана. Ол Шығыс пен Батысты, дәстүр мен қазіргі заманды байланыстырып, музыка, қимыл және жарық сахнаны өнер тынысын паш еткен кеңістікке айналдырады.
Бұл премьера сұлулыққа, мәдениетке және адамзатқа деген сүйіспеншілікті ту ету. Ол «Астана Балет» театрының ең әсерлі әрі терең жобаларының бірі ретінде көрермен жадында мәңгі сақталатыны сөзсіз.