25 қазанда «Астана Балет» театрының сахнасында Қазақстан Республикасы күніне арналған «Мәңгілік ел» мерекелік концерті өтеді. Ұлттық музыка және хореография өнерінің үздік үлгілерін біріктірген концерттік бағдарлама еліміздің мәдени мұрасы үшін мақтаныш сезімі мен салтанат атмосферасын тудырады, деп хабарлайды DKNews.kz.
«Ұлы Дала мұрасы» дивертисментіне енген «Қарлығаш» және «Құрбылар» хореографиялық миниатюраларының премьералары осы кештің ерекше оқиғасы болмақ. Бұл туындылар «Астана Балет» театрының симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен көрермен назарына алғаш рет ұсынылатын болады.
Қазақ КСР Халық әртісі Ахмет Жұбановтың музыкасына «Қарлығаш» хореографиялық миниатюрасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәти қойған. «Бақыт құсы – Қарлығаш» композициясы көктем шуағы, шексіз нәзіктік пен жарық сәулеге толы. Қазақ мәдениетінде «қарлығаш» бақыт, жайлылық пен жаңғырудың символы. Арман мен бақытқа қол созу туралы бұл оқиға бірегей поэтикасы бар пластика тілімен жеткізілді. Миниатюраға арналған костюмдерді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүслім Жұмағалиев жасаған.
Айгүл Тати Ілияс Қожабековтың музыкасына қойған «Құрбылар» хореографиялық композициясы жастық пен қуаныш атмосферасын жеткізеді. Көңілді әрі албырт қыздар бірге билеп, қуанышымен бөлісу үшін кездеседі. Костюм суретшісі – Мүслім Жұмағалиев.
«Астана Балет» театрының директоры Тайыр Қаратаев: «Ұлттық миниатюраларды оркестрдің сүйемелдеуімен орындау осы концерттің басты ерекшелігі болмақ. Бұл көрсетілімнің ерекше атмосферасын тудырып, тереңдік пен эмоциялық реңк береді. Хореография, музыка, костюмдер мен сценографияның ғаламат үйлесімі – мәдениетіміздің сұлулығын паш етіп, бір арнаға тоғысады», – деп атап өтті.
Театрдың бас дирижері Арман Оразғалиев: «Концерттің атауы кездейсоқ таңдалмады. «Мәңгі ел» – мәдениетіміздің мәңгілігі мен сабақтастығының символы. Біз көрерменді ұлттық дәстүр, музыка және би атмосферасына бөлеп, мұрамызға деген мақтаныш сезімін оятатын бағдарлама құруға тырыстық» – деген ойын жеткізді.
«Ұлы Дала мұрасы» дивертисментінің жаңа интерпритациясында көрермен қауым «Қарлығаш» және «Құрбылар» миниатюраларының премьераларын тамашалайды. Бұл қойылымдар мәдениетіміздің байлығы мен жан-жақтылығын көрсетеді, ал оркестр орындаған музыка оларға ерекше тереңдік пен эмоционалдық дарытып, көрермен қауымға ұлттық өнердің сұлулығын сезінуге мүмкіндік береді», – деді «Астана Балет» театрының көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.
«Мәңгі ел» концерті нағыз өнер мерекесіне айналары анық. Онда музыка мен би үндестік тауып, сахнаны шабыт, үйлесімділік пен Отанға деген сүйіспеншілік атмосферасына бөлейді.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтеді