Биыл біз паллиативтік көмекке қолданылатын дәрілердің тізбесін кеңейттік - қазір ол 18 атауды қамтиды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігі стационарларда паллиативтік көмек көрсету тарифін және көшпелі мобилдік бригадаларды қаржыландыру көлемін ұлғайтты. Бұл пациенттер үшін көмекті қолжетімді етуге және паллиативтік қызметтің инфрақұрылымын нығайтуға мүмкіндік береді.
Бүгінде елімізде 2 087 паллиативтік төсек орналастырылған, оның 81-і балалар төсегі. Барлық 20 өңірде 220 мобилдік бригада жұмыс істейді. Паллиативтік көмек көрсететін 9 дербес мекеме Алматы және Шымкент қалаларында, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар облыстарында, Абай облысында, СҚО және ШҚО-да жұмыс істейді.
Мұндай қолдауды қажет ететін пациенттердегі аурулардың құрылымы әртүрлі:
- онкологиялық аурулар-41%,
- жүрек-қан тамырлары – 27%,
- тыныс алу ағзаларының аурулары – 12%,
- жарақаттар – 11%,
- туберкулез-2%.
Сонымен қатар, қазір тәсілдерді біріздендіру, қызметтердің сапасы мен мультидисциплиналық командалардың тиімділігін арттыру үшін паллиативтік көмекті ұйымдастырудың жаңа ұлттық стандарттары әзірленуде. Әлі де маңызды қадамдар жасалуы керек сала - балалар паллиативіне ерекше назар аударылады.