Астанада үстел теннисінен ең ірі халықаралық турнир өтіп жатыр

1166
Фотосурет: Gov

Beeline Arena ұлттық теннис орталығында ҚР Президентінің үстел теннисінен Халықаралық ашық кубогінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Турнирдің ашылу салтанатына ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов, Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) Бас хатшысы Рауль Калин және Nomad Table Tennis Academy үстел теннисі академиясының негізін қалаушы Медеу Нұрасыл қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән береді. Бұқаралық спорттың дамуына үстел теннисі де зор үлесін қосып келеді. Бүгінде осы спорт түрімен 260 мыңнан аса адам жүйелі түрде шұғылданады. 10 мыңнан аса кәсіби спортшы және 400-дей жаттықтырушы тұрақты еңбек етеді. 20 өңірдегі федерация тұрақты жұмыс істеп тұр және 12 заманауи үстел теннис орталығы бар. Жаңадан 30 бөлімше мен 35 арнайы зал ашылды. Бүкіл әлем көз тіккен жарыстарда отандық спортшылар табысты өнер көрсетіп келеді. Біздің спортшылар кейінгі 2 жылда 85 медаль жеңіп алды. Оның 31-і – алтын. Бірнеше Олимпиада ойындарының қатысушысы Кирилл Герасименко, жастар арасында әлем чемпионы Алан Құрманғалиев, халықаралық турнирлердің жеңімпаздары Зәуреш Акашова мен Сарвиноз Миркадирова біздің мақтанышымызға айналды.

Бүгінгі үстел теннисінен Қазақстан Республикасы Президентінің ашық кубогі осы спорт түріне деген қызығушылықты одан әрі арттыруға септігін тигізеді деген сенімдемін», - деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Үстел теннисінің жаңа сатыға шығуының көрсеткіші – еліміздің 2024 жылы алғаш рет Азия чемпионатын қабылдауы.

Ал 2027 жылы Қазақстан ересектер арасындағы әлем чемпионатын өткізу мәртебесіне де ие болды.
Жалпы жүлде қоры 115 000 АҚШ долларын құрайтын айтулы додада 15 елден 250-ден аса спортшы бақ сынап, U11, U16, Open 17+ санаттары мен командалық сайыстағы жүлделер сарапқа салынады.

Кубоктің басты ерекшеліктерінің бірі – әлемдік үстел теннисінің жұлдыздары қатысатын шоу-матч.

Жанкүйерлерді спорт тарихында өшпес із қалдырған шеберлердің ерекше өнері күтіп тұр. Аңыздар қатарында 2 дүркін Олимпиада чемпионы, 10 дүркін әлем чемпионы Сюй Синь (Қытай), әлем чемпионы Фан Бо (Қытай), әлем чемпионы Вернер Шлагер (Аустрия) және әлем чемпионатының екі мәрте жүлдегері Жу Се Хук (Корея) бар.

Жарыс 29 қазан күні қорытындыланады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -