Қазақстан медиация институты арқылы диалог мәдениетін нығайтып келеді

1243
Фотосурет: Gov

Елордадағы Достық үйінде «Әлеуметтік және этносаралық жанжалдарды реттеудегі медиацияның рөлі» атты халықаралық ғылыми конференция өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шара Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.

«Достық үйінде этномедиация орталығы жұмыс істейді. Оның құрамына этномәдени бірлестіктердің кәсіби және қоғамдық медиаторлары кіреді. Қазақстан халқы ассамблеясының медиаторлары қоғамдағы этносаралық келісімді нығайту және әлеуметтік шиеленістердің алдын алу бағытында жүйелі және нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді. Бұл қоғамда сенім мен өзара түсіністікке негізделген тұрақты орта қалыптастыруға ықпал етеді», – деді Қазақстан халқы ассамблеясы Астана қалалық филиалы этномедиация орталығының үйлестірушісі Роза Бекішева.

Конференция жұмысына Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Болгария және басқа да елдерден келген жетекші ғалымдар, сарапшылар, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Конференцияның модераторы Қазақстан халқы ассамблеясының Астана қалалық этномедиация кеңесінің төрағасы Сымбат Шакиров болды.

Іс-шара қатысушыларының алдында құттықтау сөз сөйлеген Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Құсайынова медиация институтын дамытудың маңыздылығын атап өтті. Ол ассамблеяның этносаралық диалог пен сенім мәдениетін қалыптастыратын маңызды алаң екенін жеткізді.

Қазақстан халқы ассамблеясының республикалық этномедиация кеңесінің төрағасы Шерзод Полатов өз баяндамасында медиацияның құқықтық, мәдени және психологиялық тәсілдерді біріктіре отырып, әлеуметтік шиеленістің алдын алуға мүмкіндік беретінін айтты.

«Бүгінде біз этномедиацияны маңызды бағыттардың бірі ретінде дамытып жатырмыз. Медиация – адамдар арасындағы өзара түсіністік пен келісімге қол жеткізуге, дауларды өркениетті жолмен шешуге көмектесетін құрал. Айта кету керек, бітімгерлік тәжірибелері біздің қоғам үшін жаңа құбылыс емес. Тарихымызда түрлі даулы мәселелерді шешуде ақсақалдар институты, дана қариялар кеңесі әрдайым басты рөл атқарған. Мұндай конференциялар біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды дәлелдейді. Дөңгелек үстелдер тәжірибе алмасуға, жаңа тәсілдер табуға және бірлескен жұмысты нығайтуға мүмкіндік береді», – деді ол.

Конференция Қазақстанның тұрақты этносаралық келісімнің халықаралық орталығы ретіндегі маңызын айқындап, Астана қаласы Қазақстан халқы ассамблеясының қоғамдық дипломатияны дамытудағы және жаһандық сын-қатерлер жағдайында бейбіт өмір сүрудің жаңа модельдерін қалыптастырудағы жетекші институт ретіндегі рөлін көрсетті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -