Қазақстанда салық реформасы мен бизнестің тұрақтылығы арасында тепе-теңдік табылды

1309
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Максим Золотухин/DKNews.kz

Кейде маңызды өзгерістер ұранмен емес, диалог арқылы басталады. Бұл жолы да солай болды – елдің түкпір-түкпірінен келген жүздеген кәсіпкердің өтініштері ескеріліп, салық реформасына қатысты даулы нормалар қайта қаралды. Енді оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін (АСР) қолдануға қойылған шектеулер тізімі қысқартылып, қолданыстағы заңнамаға сәйкестендірілді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Кәсіпкерлер үнін жеткізді

Бастапқы ұсыныстар бизнеске үлкен алаңдаушылық тудырды. Себебі кеңейтілген шектеулер тізімі көптеген шағын және орта кәсіп иелерінің жұмысына тікелей әсер етуі мүмкін еді. Осы сәтте Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» жедел қимылдады: өңірлерден түскен өтініштерді жинап, сараптап, салалық қауымдастықтар мен кәсіпкерлердің ортақ ұстанымын қалыптастырды.

Нәтижесінде нақты диалог орнап, тараптар тиімді шешімге келді. Мемлекеттік органдар, министрліктер мен сарапшылар қатысқан бірлескен жұмыс нәтижесінде тыйым салынған қызмет түрлерінің тізімі қысқарып, 44-ке дейін азайды. Бұл қазіргі заңнама талаптарына толық сәйкес келеді.

Бұл шешімнің маңызы

Бұл – формальды түзету емес, кәсіпкерлер үшін нақты жеңілдік. Енді мыңдаған шағын және орта бизнес өкілдері оңайлатылған салық режимін қолдануды жалғастыра алады. Бұл тұрақтылық пен сенімді жоспарлауға мүмкіндік береді, жұмыс орындарын сақтап қалуға ықпал етеді.

Мемлекет бұл жолы бизнес логикасын ескерді. Ал кәсіпкерлердің үні тек естіліп қана қойған жоқ – ол шешім қабылдау процесінің бір бөлігіне айналды.

2026 жылдан бастап – «таза парақтан»

Енді реформаның жаңа кезеңі басталмақ. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап микро және шағын бизнес үшін салықтық әкімшілендірудің жаңа моделі енгізіледі. Принципі айқын – «таза парақтан».

Бұл тәсіл салықтық тексерулер мен камералдық бақылауды толық жоюды, мәмілелер мен тіркеулерді жарамсыз деп тану туралы сот істерін алып тастауды көздейді. Сонымен қатар, негізгі қарызды 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін өтеген кәсіпкерлер үшін өсімпұл мен айыппұлдар есептен шығарылады.

Бұл қадам – жеңілдік емес, сенім белгісі. Бақылаудан серіктестікке көшу, жазалаудан ынталандыруға өту.

Диалогтың нәтижесі

Бұл тәжірибе тағы бір маңызды нәрсені көрсетті: тиімді коммуникация бар жерде нәтиже болады. «Атамекен» тәуекелдерді дер кезінде байқап, бизнес мүддесін нақты дәлелдермен қорғап шықты. Мемлекет те бұл жолы ашық диалогқа дайын екенін көрсетті.

Оңайлатылған режимнің сақталуы мен «таза парақ» жүйесінің іске қосылуы – бұл тек заңнамалық жеңіс емес, ел экономикасында жаңа сенім форматының қалыптасуы.

Алда – жаңа кезең

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» алдағы уақытта да реформалардың әр кезеңін бизнес тәжірибесіне сүйене отырып қадағалайды. Әр шешімнің артында нақты кәсіпкердің мүддесі тұруы тиіс.

Бүгін айтуға болатын басты қорытынды – бизнес үнін естіді. Енді сол үн елдің экономикалық дамуының ажырамас бөлігіне айналып отыр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -