«Бурабай» ұлттық паркінде 7 жаңа шолу алаңы ашылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды жоба аяқталды. Жоба табиғи тепе-теңдікті сақтай отырып, демалушыларға жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған.
Жоба аясында саябақ аумағында табиғи ландшафтқа үйлесімді жеті шолу алаңы ашылды. Мұнда саяхатшылар тау мен көлдердің әсем көрінісін тамашалай алады. Сондай-ақ шолу алаңдары экожүйеге түсетін рекреациялық жүктемені азайтады.

Жобаның басты мақсаты – табиғатқа зиян келтірмей демалудың экологиялық тәсілін қамтамасыз ету. Қазіргі заманғы баспалдақтар, алаңдар мен демалыс аймақтары өсімдіктердің тапталуы мен топырақтың тозуының алдын алады.
Әрбір шолу алаңының өзіндік ерекшелігі мен көрініс бұрышы бар:
- «Аютас» жартасы – «Құмай тазы» мүсіні, баспалдақтар, ақпараттық тақталар және пейзажды тамашалауға арналған түтігі бар шолу алаңы.
- «Кебістас» (Туфелька) жартасы – орындықтары мен от жағуға арналған алаңы бар, орман мен көл жағалауының ерекше көрінісін ашатын орын.
- «Бөлектау» тауы – бүркіт бейнесіндегі арт-нысаны бар орталық алаң, мұнда баспалдақтар, әткеншектер және шолу түтіктері орнатылған.
- «Махаббат алаңы» – жұмсақ ландшафтық дизайнымен ерекшеленетін, фотосессияларға арналған романтикалық орын.
- «Мойнақ жартасы» – белсенді демалыс аймағы. Мұнда арқан паркі мен демалуға арналған орындықтар бар.
- «Максимка» жартасы – үш көпірмен жалғасқан шолу алаңы, мүсіндер мен пикникке арналған аймақтар бар.
- «Иманай бұлағы» – баспалдақтар, орындықтар және табиғатты шолуға арналған телескоп орнатылған шағын алаң.
Бұл жоба – заманауи туризмнің табиғатпен үйлесімді өмір сүре алатынын, жайлылық пен экологиялық жауапкершілікті ұштастыруға болатынын дәлелдейтін жарқын мысал.

Еске сала кетейік, 2025–2029 жылдарға арналған «Бурабай» курортты өңірін дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітіліп, іске асырылып жатыр. Құжат өңірдің туристік, көлік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Бұл өз кезегінде қызмет көрсету сапасын арттырып, Бурабайдың Қазақстандағы ішкі туризмнің жетекші орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтады.
 
                                             
                                                             
                                                             
                                                             
                                                            