Елімізде 4 миллион смарт-есептегіш орнатылады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Елімізде отын-энергетика кешенін басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесін – EnergyTech платформасын құру жұмыстары жүргізілуде. Жаңа платформа энергетика саласының барлық бағытын біріктіріп, елдің энергетикалық инфрақұрылымын толық цифрландыруға мүмкіндік береді.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің мәлімдеуінше, EnergyTech платформасын әзірлеу және оны өнеркәсіптік пайдалануға енгізу 2026–2027 жылдарға жоспарланған. Жаңа жүйе энергетика, жер қойнауын пайдалану, қайта өңдеу және көмір өнеркәсібі сияқты он негізгі бағыт бойынша басқаруды кешенді үйлестіруге жол ашады. Қазіргі таңда жеті цифрлық сервис іске қосылған, оның екеуі энергетика секторында жұмыс істеп тұр.
Бірінші цифрлық сервис – күзгі-қысқы кезеңге дайындық пен оның өту барысын бақылау жүйесі. Платформа энергетикалық нысандардың активтерін толық есепке алынып, жөндеу жұмыстарын жоспарлауға және генерация объектілерінің жұмыс режимін нақты уақытта бақылауға бағытталған. Сондай-ақ, қағаз форматтан цифрлық есепке көшу мониторинг мерзімін 90 күнге дейін қысқартып, апат қауіпін 25%-ға азайтуға мүмкіндік береді.
Екінші сервис – шекті тарифтерді бекітуге арналған өтінімдерді беру және қарау жүйесі. Бұл жүйе қағаз құжат айналымын жояды, процестердің ашықтығын арттырады және әкімшілік жүктемені азайтады. Қазірдің өзінде 63 субъект пен 83 генерация нысаны қамтылған, 1 664 құжат өңделіп, бизнес-процестер саны екі есеге қысқарған.
«Ұлттық жоба аясында электр және жылу энергиясын есептейтін интеллектуалды жүйелер кеңінен енгізіледі. Алдағы үш жылда 27 энергиямен жабдықтау субъектісінде 4 миллион «ақылды» есептегіш орнатылады, бұл электр энергиясының шығынын азайтып, 57 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік береді» Ерлан Ақкенженов
Жылу энергиясын есепке алу үшін 30 мыңнан астам интеллектуалды құрылғы орнату қажет, бұл жылу шығынын 15%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Құрылғылар отандық кәсіпорындарда шығарылады, ал барлық деректер EnergyTech аналитикалық базасына жіберіледі. Сонымен қатар, Салалық ақпараттық қауіпсіздік орталығы мен ОЭК инфокоммуникациялық инфрақұрылым операторы құрылады. Бірінші орталық технологиялық жүйелерді қорғауға және киберқауіпсіздік орталықтарын үйлестіруге, ал екіншісі Ситуациялық-талдамалық орталыққа деректерді қауіпсіз жеткізуге жауапты болады.
2024 жылдың төртінші тоқсанында іске қосылған Ситуациялық-талдамалық орталық саладағы цифрлық мониторингтің негізгі құралына айналды. Ол энергия ресурстарын өндіру, беру және тұтыну деректерін онлайн талдап, тәуекелге негізделген басқару моделіне көшуге мүмкіндік береді.