Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров VIII Қазақстандық жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстел (KGIR-2025) аясында Fufeng Group (Shengtai Biotech Co., Ltd) директорлар кеңесінің төрағасы және негізін қалаушы Ли Сюэ Чунь мырзамен кездесті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Онда тараптар Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдейтін зауыт салу жөніндегі ірі инвестициялық жоба жайын талқылады.
Жоба 400 гектар аумақты қамтиды. Инвестиция көлемі 175 млрд теңге. Кәсіпорынның өндірістік қуаты биыл 500 мың тонна, келесі жылы 1 млн тонна, ал 2027 жылдан бастап 3 млн тонна болады деп жоспарлануда.
Зауытта аминқышқылдар, крахмал, глюкоза, сондай-ақ жүгеріні өңдеудің қосалқы өнімдері – талшық, ақуыз ұнтағы, аналық ерітінді, мал азығы және ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібінде қолданылатын тыңайтқыштар өндіріледі. Өнім негізінен Қытай мен Еуропа елдеріне экспортталмақ.

Жобаны іске асыру барысында 6 000-ға жуық уақытша жұмыс орны, ал зауыт пайдалануға берілгеннен кейін 1 000 тұрақты жұмыс орны ашылады.
«Бұл жоба Қазақстанның аграрлық саласы үшін стратегиялық маңызға ие. Ол ел ішінде ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу көлемін арттырумен қатар, отандық өнімнің экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді. Маңызды мәселелер жедел шешілуде, біз жобаны уақытылы және табысты жүзеге асыру үшін толық қолдау көрсетеміз» Айдарбек Сапаров
Өз кезегінде Ли Сюэ Чунь жан-жақты қолдау үшін алғыс білдіріп, компанияның ұзақмерзімді ынтымақтастыққа дайын екенін айта келіп:
«Қазақстан ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу саласын дамытуда зор әлеуетке ие. Біз Министрлікпен қалыптасқан сындарлы ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз. Ортақ күш-жігеріміздің арқасында жоба белгіленген мерзімде жүзеге асырылып, Қазақстан мен Қытай арасындағы табысты өнеркәсіптік-инвестициялық әріптестіктің үлгісі боларына сенімдімін» Ли Сюэ Чунь