Бородулиха ауданында Абай Құнанбайұлының атындағы жаңа мешіт ашылды

1969
Фотосурет: Абай облысы

Абай облысының Бородулиха ауданында ел есінде қалатын тарихи сәт орын алды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Халық көптен күткен — «Абай атындағы» аудандық мешіт көпшілік жұртқа өз есігін айқара ашты. Бұл бір күн – тек жаңа ғимараттың емес, ел рухының, иман мен бірліктің салтанат құрған күні болды деуге толық негіз бар. 

​​​​​​​Мешіттің іргетасы  2022  жылы қаланған еді. Сол күннен бастап аудан тұрғындары мен кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының басшылары, зейнеткерлер мен жастар жұмыла кірісіп, ортақ іске үлес қоса білді.

Жобаның бастамашысы — Ерлан Әмірбекұлы Зайтенов, ал құрылыс барысына ұдайы ұйымдастырушылық және материалдық демеу көрсеткен — Талғат Оразаев сынды ел азаматтары.

Осынау игілікті іске Бородулиха жұрты ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен келген меценаттар да белсенді қатысып, «жақсының аты, жақсының ісі өлмейді» деген қағиданы тағы бір дәлелдеді.

Екі қабатты, төрт мұнаралы, жалпы аумағы 270 шаршы метрден асатын мешіт — сәулеті мен сәні келіскен құлшылық нысаны. Ғимарат  ішінде ерлер мен әйелдерге арналған жеке намаз залдары, дәріс бөлмесі, дәретхана мен қазандық бөлмелері де  қарастырылған.

Жалпы мешіт 350 жамағатқа арналған. Ішкі әрлеуінде қазақтың дәстүрлі ою-өрнектері мен ислам мәдениетінің өрнектері шебер үйлесім тапқан.

Ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы келіп қатысты. Ол мешіттің салынуына үлес қосқан азаматтарға алғыс білдіріп, Е.Зайтенов, Г.Сайдуллаев, Т.Оразаев, П.Лазарев, В.Огонесян және өзге де қайырымды жандарға «Құрмет грамоталарын» табыс етті.

Сондай-ақ, аудан имамы Әкімбатчаев Әріпжан Қожанұлы ҚМДБ-ның «35 жылдығына арналған» мерейтойлық Медальмен марапатталды.

«Бородулиха – 2025» қоғамдық қорының қолдауымен алынған қос бірдей су жаңа автокөліктің кілтін Бас мүфти аталған мешіт имамымен қоса Свято-Николь шіркеуінің настоятеліне де өзі табыстады.

Бұл – ел ішіндегі діндер арасындағы өзара құрмет пен татулықтың жарқын көрінісі. 

Мешіт маңында сол күні жүздеген жан – ақсақалдар мен аналар, жастар мен балалар да жиналды. Олардың жүздерінен мейірім, қуаныш, ризашылық лебі сезілді.

Бұл сәт – елдің ынтымағы мен имандылыққа деген ұмтылысының айқын белгісі.

Хакім Абай Құнанбайұлының есімімен аталған жаңа мешіт енді аудан халқының жүрегінен орын алған, ұлт рухын биіктететін, ізгілік пен мейірімге үндейтін рухани орда болмақ.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -