«31» медиахолдингінде жаңа басшы. Телекомпанияның басшысы болып мәдениет, теледидар және креативті индустрия саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар медиаменеджер әрі продюсер Айгүл Ақсамбиева тағайындалды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Оның еңбек жолында ұлттық телеарналармен, мәдениет ұйымдарымен және халықаралық продюсерлік компаниялармен бірлескен жобалары бар. Айгүл Ақсамбиева Ресей, Австрия, Франция және Үнді кинофестивальдерінде марапатталған табысты медиажобалардың продюсері әрі режиссері болған.
Айгүл Ақсамбиева Т. Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын «Режиссура» мамандығы бойынша тәмамдаған. Сондай-ақ ол АҚШ-тағы New York Film Academy оқу орнында білім алып, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде саясаттану мамандығы бойынша жоғары білімі бар.
Бүгінде «31 арна» – кәсіби мамандардан құралған команда, эфирдегі тұрақты орны бар заманауи телекомпания. Арна алдағы уақытта өз көрермендерін кеңейтіп, жаңа форматтарды іске қосып, еліміздің медиа кеңістігіндегі орнын нығайтуды жоспарлап отыр.
«31 арна» ұжымы арнаны бұған дейін басқарған Бек Кенжебайға телеарнаның дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, алдағы жобаларында табыс пен ақ жол тілейді.
«31» медиахолдингі – Қазақстандағы ең ірі медиаресурстардың бірі, оның құрамына мыналар кіреді:
- «31 арна» – кең аудиторияға арналған телеарна. Бағдарламаларында жаңалықтар, сериалдар, ойын-сауық және әлеуметтік жобалар қамтылған. Қазақстанның үздік бес телеарнасының қатарына кіреді.
- Informburo.kz ақпараттық порталы – еліміздегі және әлемдегі маңызды оқиғаларды хабарлап, сараптамалық материалдар ұсынатын жетекші отандық жаңалықтар платформасы.