Қарағанды облысындағы Шахтинск қаласында өткен Қарулы Күштер қатарына шақырылушыларды шығарып салу рәсімі елдің есінде ұзақ сақталатын ерекше сәтке айналды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Аталған іс-шарада Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген Диас Жұмажанов пен Шыңғыс Қуанышбайдың ата-аналарына құттықтау сөз берілді. Дәл сол сәтте залдағы жұрт күтпеген көрініске куә болды. Себебі олардың ту сыртында әскерде жүрген ұлдары тұр еді.

Тосын сәтке таңданған ата-аналар қуанышын жасыра алмады. Балаларын көрген аналардың көзінен қуаныш жасы көрінсе, жігіттердің бойынан сағыныш пен мақтаныш сезімі байқалды. Залдағы көрермендер бұл сәтті ерекше әсермен қабылдады.

Бұл кездесу әскери борышын өтеп жүрген сарбаздарға рух беріп, отбасы мен Отан арасындағы байланысты тереңдетуге бағытталған. Мұндай шаралар жас буынға ерлік пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетеді.

Айта кетейік, жыл сайын Шахтинск қаласынан шамамен 140 жас мерзімді әскери қызметке аттанады. Олардың көпшілігі — дәл осындай ержүрек Ұлттық ұлан сарбаздары.