Ақтауда І Халықаралық «Aktau Youth Forum» жастар форумының ашылу салтанаты өтті. Форумды Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Маңғыстау облысы әкімдігі ұйымдастырды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Форумның басты мақсаты – жастардың интеллектуалды әлеуетін, рухани қуатын және азаматтық жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты нығайту. Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарды қолдау жөніндегі стратегиялық бағыты аясында жүзеге асты.

Аталмыш форумға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жастармен қатар Әзербайжан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркиядан келген жас көшбасшылар мен делегаттар жиналды. Қатысушылар арасында ғылым, технология, спорт, шығармашылық және қоғамдық салада жетістікке жеткен талантты жастар бар.

Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров пен өңір басшылығы қатысты.

Форум бағдарламасында панельдік сессиялар, семинар-практикумдар, воркшоптар, сондай-ақ Маңғыстау облысының мәдени-тарихи нысандарына экскурсиялар бар. Сонымен қатар еліміздегі дарынды жастардың жүзеге асырған жобаларының көрмесі ұйымдастырылады.