Қазақстан инвесторлар мен компанияларға арналған Бірыңғай жер қойнауын пайдалану платформасын құруда

1034
Фотосурет: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында геология саласын дамыту мен цифрландыру мәселесі қаралды. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы Өнеркәсіп және құрылыс, Энергетика, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктерінің, сондай-ақ Ұлттық геологиялық қызметінің басшылары баяндама жасады, деп хабарлайды DKNews.kz.

«Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында геологиялық барлау жұмыстарын күшейтуді маңызды міндет ретінде айқындады. Саланың дамуы еліміздің өнеркәсіптік негізін қалыптастыруға ықпал етеді. Осы орайда барланған жер қойнауының көлемін 2,2 млн шаршы шақырымға дейін жеткізу үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл міндет келесі жылы орындалатын болады», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Бүгінде Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы құрылды. Онда 22 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Аталған платформа лицензияларды автоматты түрде беруге және міндеттемелердің орындалуына мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда 3,5 млн-ға жуық бастапқы геологиялық ақпарат цифрландырылды. Бұрын дәстүрлі қағаз нұсқада, магниттік таспаларда және фотосурет түрінде сақталған. 

Премьер-министр Өнеркәсіп министрлігіне Қаржы, Жасанды интеллект министрліктерімен және Ұлттық геологиялық қызметпен бірлесіп, келесі жылдың соңына дейін тарихи деректерді цифрландыру жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Бұл, жалпы алғанда Қазақстан бойынша тарихи және жаңа геологиялық ақпаратқа қол жеткізуді оңайлатып, инвестиция тарту, кен орындарын барлау мен игеру жобаларын жүзеге асыруды жеңілдетеді. 

Сонымен қатар геологиялық карталарды жаңарту мәселесіне де назар аударылды. Мамандардың айтуынша, қазіргі қолданыстағы геологиялық карталар біршама ескірген. Олар кен орындарының әлеуеті мен нақты орналасқан жерін дәл анықтауға мүмкіндік бермейді. Сондықтан геологиялық карталардың ауқымын кеңейту жұмыстарын жалғастыру қажет.

Сондай-ақ геологиялық барлау ісіне заманауи ғылыми әдістерді енгізуге жағдай жасаған жөн. Осы орайда елордада Геологиялық кластер құрамында заманауи зертхана құру жоспарланып отыр. Ол минералдық-геохимиялық және талдамалық зерттеулер жүргізу үшін қажет. 

Өнеркәсіп министрлігі Қаржы министрлігімен және Ұлттық геологиялық қызметпен бірлесіп, 2026 жылы аталған зертхана құрылысын бастауды қамтамасыз етуі қажет.

Мәселені талқылауды қорытындылай келе, Премьер-министр Олжас Бектенов салалық министрліктер мен ведомстволарға бірқатар тапсырма берді.

  • Өнеркәсіп министрлігіне жыл соңына дейін ел аумағының 1:50 000 масштабындағы нақты геологиялық картасын жасау үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді қамтамасыз ету.
  • Өнеркәсіп министрлігіне Қаржы министрлігімен бірлесіп, 2026 жылы карталарды әзірлеудің заманауи әдістеріне көшу жобасын жүзеге асыруға кірісу. Ол үшін озық технологиялар мен пилотсыз ұшу аппараттарын барынша пайдалану қажет.
  • Өнеркәсіп министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы аясында кеңістіктік деректерді интеграциялауды қамтамасыз ету. Бұл инвесторларға жер қойнауын пайдалану саласындағы мүмкіндіктер мен шектеулерді көріп, бағалауына мүмкіндік береді. 

Премьер-министр геологиялық саланы қолдау, оны қаржыландыру көлемін ұлғайту, инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жасау Үкіметтің ерекше назарында болатынын атап өтті.

Жалпы үйлестіру жұмыстары Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жүктелді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -