Үкімет отырысы барысында Премьер-министр Олжас Бектенов теміржол вокзалдарын жаңғырту және күрделі жөндеу тақырыбына жеке тоқталды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жұмыстар осы жылы басталғаны атап өтілді. Қысқа мерзімде мердігерлер айқындалды. Оларға да, әкімдіктерге де қолайлы толығымен жүзеге асырылатын құрылыс туралы шарттар жасалды.
«Үкімет осы міндеттің уақтылы орындалуы үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдады. Алайда кейбір әкімдіктердің құрылыс барысына бақылауды босаңсытып алғанын көріп отырмыз. Ақмола, Жетісу, Ақтөбе, Абай және Ұлытау облыстарында мерзімдердің бұзылу қаупі жоғары. Маңғыстау облысында бір вокзалдағы жұмыс кестеден кешігіп жатыр. Алматы қаласында “Алматы-1” вокзалын жаңғырту жұмыстары тым созылып кетті. Мұны әкімдіктердің жұмысындағы олқылық деп санаймын. Құрылыс жұмыстарының барлығы сапа талаптарын сақтай отырып, белгіленген мерзімде аяқталуға тиіс. Тапсырманың орындалуына жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшылары тікелей жауапты болады», — деп атап өтті Премьер-министр Олжас Бектенов.