Астанада «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жалпықалалық тазалық күні өтті. Ауқымды экологиялық шараға 100 мыңнан астам адам қатысқан, деп хабарлайды DKNews.kz.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, бастамаға 2 683-тен астам кәсіпорын, ұйым мен мекеме қолдау білдірді.

Таңертеңнен бастап қала көшелерін тазалауға:
- бизнес өкілдері;
- мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері;
- еңбек ұжымдары;
- жастар;
- қала тұрғындары жұмылдырылған.
Қатысушылар аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді тазалап, көгалдандыру жұмыстарына белсенді қатысты.
Сенбілікке мыңнан астам арнайы техника тартылды
Қаланы тазалау жұмыстарына 1 208 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.
Акция барысында:
- шамамен 230 тонна қоқыс шығарылды;
- 2 150-ден астам аула тазартылды;
- 220 саябақ пен гүлзар ретке келтірілді;
- 78 тарихи-мәдени ескерткіштің аумағы тазаланды.
Сонымен қатар қатысушылар ағаш отырғызып, қоғамдық орындарды абаттандыру жұмысына да атсалысты.

Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және қоршаған ортаға жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді.

Экологиялық айлыққа 240 мыңнан астам адам қатысқан
11 сәуір мен 16 мамыр аралығында өткен экологиялық айлық барысында елордада ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілген.

Оған:
- 240 мыңнан астам тұрғын;
- шамамен 12,4 мың кәсіпорын мен ұйым қатысқан.
Осы уақыт ішінде:
- 4 700-ден астам арнайы техника жұмылдырылды;
- 1 200 тоннадан астам қоқыс шығарылды;
- 8 540-тан астам аула тазартылды;
- 1,4 мыңнан астам аялдама павильоны жуылды;
- 17,1 мың метр көше қоршауы тазартылды.
Елордада 30 мыңға жуық ағаш отырғызылды
Экологиялық айлық аясында қалада шамамен 30 мың жасыл желек отырғызылған.

Әкімдік мәліметінше, елордадағы тазалық пен абаттандыруға бағытталған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы алдағы уақытта да жалғасады.