Қыс маусымының қарсаңында республикалық маңызы бар автожолдардағы қозғалысқа қатысты деректерді жедел жеткізу тетігі жаңартылды. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мен Яндекс платформасы бірлесіп, жолдың ашылуы мен жабылуы, қозғалысқа енгізілетін уақытша шектеулер туралы ақпаратты нақты уақыт режимінде ұсынатын жүйені іске қосты.
Жаңа мүмкіндік арқылы жүргізушілер жолдың жабылуына не шектелуіне себеп болған жөндеу жұмыстары мен ауа райының қолайсыз жағдайлары туралы дереу хабардар бола алады. Сондай-ақ олар сапар бағытын алдын ала жоспарлап, қозғалыстың балама бағыттарын таңдауға мүмкіндік алады.
Жүйе API технологиясының негізінде жұмыс істейді, бұл Яндекс Карталар мен Навигатор сервистерінде деректердің автоматты әрі жедел жаңартылуын қамтамасыз етеді. Пайдаланушылар жол учаскесі мен шектеу мерзімі жөніндегі ақпаратты, сонымен қатар айналма бағыттар туралы ұсынысты көре алады.
Фотосурет: Яндекс картасының баспасөз қызметі
Сонымен қатар, республикалық маңызы бар жолдардың жағдайы туралы толық әрі сенімді мәлімет алу үшін тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 байланыс орталығына хабарласуға болады.