Премьер-министр Олжас Бектенов «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің отырысын өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жиында Мемлекет басшысының ел экономикасына инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы қаралды.
Басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұлов Kazakh Invest компаниясының биылғы 10 айдағы қызметінің қорытындылары туралы баяндады, сонымен қатар ұйымдық құрылымды өзгерту мәселелерін Директорлар кеңесінің талқылауына шығарды. Атап айтқанда, орталық кеңседе қосымша лауазымдар енгізу және шетелдерде жаңа өкілдіктер ашу ұсынылды.
Премьер-министр Kazakh Invest компаниясы ұсынып отырған ұйымдық құрылымын қабылдамады, оны дайындаудағы үстірт көзқарасты атап өтті. Олжас Бектенов қолданыстағы штат саны шеңберінде компанияны сапалы түрде қайта құрылымдау қажеттігіне назар аударды. Жұмыстың әбден бюрократияланып, нақты нәтижелерге бағытталмай отырғанына қатысты сын айтылды.
Премьер-министр Kazakh Invest экономикаға қомақты инвестиция тартудың тиімді, икемді әрі ұтқыр құралына айналуы тиіс екенін атап өтті. Ол үші процестерді қайта құрылымдап, әрбір қызметкер үшін нақты тиімділік көрсеткіштерін енгізу қажет.
Ұлттық компания қазақстандық өндірушілерді қолдау арқылы инвесторлар төңірегінде тұрақты өндіріс тізбегін құруға бағытталған.
«Бұл жұмысты күшейту қажет. Ең бастысы – нақты нәтиже. Сылдыр сөзден бұрын, жобаларды жүзеге асыруға, кәсіпорындарды іске қосуға мән беру керек», — деп атап өткен Олжас Бектенов «инвестициялық тапсырыс» тетігін белсенді пайдалану қажеттігін баса айтты.
Бұл ресурстарды көмір және мұнай химиясы, агроөнеркәсіп, машина жасау сияқты және басқа да келешегі зор салаларда экспортқа бағытталған өндіріс құруға бағыттауға мүмкіндік береді.
Жиын қорытындысы бойынша Kazakh Invest компаниясына күн тәртібі шеңберінде ұсынылған құжаттарды он күн ішінде пысықтау тапсырылды.

2022-2025 жылдары құны $29,1 млрд болатын келісімге қол қойылды. Биыл шетелдіктердің қатысуымен жалпы құны $1,26 млрд-ты құрайтын 27 жоба іске қосылды. Олардың қатарында Алматыдағы желдеткіш қондырғылар өндірісі мен Астанадағы жылжымалы құрам өндірісі, Алматы облысындағы көтерме тарату орталығы, Ұлытау өңіріндегі қуаты 100 МВт жел электр стансасы және басқа да өндіріс орындары бар. Өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, АӨК және басқа да салаларда құны $79,1 млрд болатын 244 жоба аяқталуда.