«Бір ауыл – бір өнім» жобасы 50-ден астам жаңа кәсіпорынның ашылуына жол ашты

957
Фотосурет: Gov

Астанада 13 қарашаға дейін жалғасатын "Бір ауыл - бір өнім" көрмесі басталды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Оған Қазақстанның 20 өңірінен 50 финалист қатысып, өз өнімдерін ұсынуда. Мұнда табиғи тағамдар, қолөнер бұйымы, тоқыма, косметика және ауыл шаруашылығы инновациялары бар.

Көрменің ашылу салтанаты TikTok-та тікелей эфирде көрсетілді. Бұл жергілікті өнімдерді насихаттауға, жоба аудиториясын кеңейтуге және оның танымалдылығын арттыруға мүмкіндік берді.

"Бір ауыл-бір өнім" жобасы 2021 жылдан бастап "Жергілікті ресурстардан өнім өндірушілерді қолдау" бағыты бойынша іске асырылуда. Оның мақсаты-жергілікті шикізаттан өндірілген өңірлік өнімді анықтап, дамыту. Оны ілгерілете отырып, ауылдағы өндірушілерді қолдау, ішкі және халықаралық нарыққа шығуына жәрдемдесу.

Бүгінгі таңда жоба кәсіпкерлікті қаржысыз қолдаудың басты құралының бірі. Ол жыл сайын бюджеттен қаржыландырылады. Консультациялар, өңірлік көрмелер, қатысушыларды оқыту өткізіліп, өнім түрі айқындалады. Сондай-ақ тауарлар маркетингі жүргізіледі.

"Жоба халықаралық тәжірибеге сүйеніп, іске асырылуда. Елдік ерекшелік те ескеріледі", – деді Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев. Ол сондай-ақ ағымдағы жылы жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 181,7 млн теңге бөлінгенін атап өтті.

Сағынаевтың айтуынша, 2024 жылы жоба жаңа бағыттарды қамтыды: ағаш өңдеу, азық-түлік өнеркәсібі (түйе сүті, қымыз, бал, жент, шөптер, жаңғақтар), косметология және сүт өңдеу. Көрме Қазақстанның 20 өңірінде өткізілді. Оларға 805 өндіруші қатысып, 210 өнім түрін жұмыс тобы іріктеп алды.

Жобаның арқасында қатысушылар 57 жаңа бизнес субъектісін ашып, жалпы сомасы 229,8 млн теңгеге 5 млн теңгеге дейін гранттар алды. 2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 1 058 клиентке 1 118 кеңес берілді.

2025 жылғы наурызда Қазақстанның 14 өңірінен финалистер Астанадағы "Наурыз базары" жәрмеңкесінде 2 тоннаға жуық өнім - бал, тәттілер, сүт өнімін, ысталған және кептірілген деликатес, шөп шай мен бұлақ суын ұсынды.

Жоба ауыл кәсіпкерлері үшін жаңа мүмкіндік ашып, өңірлік экономиканы нығайтуға септігін тигізуде. 2025 жылғы наурызда 2023-2024 жылдардағы БАБӨ жобасының финалистері Токиодағы FOODEX JAPAN 2025 халықаралық көрмесіне қатысты. Осында қазақстандық бал мен Алтай шайына қызығушылар көп болды. Қызылорда облысынан келген бал "Жапонияның үздік балы" байқауына қатыспақ.

2025 жылғы 8 қазанда Алматыда Жасыл базарда алғашқы тұрақты сауда алаңы - "Nomad Bazaar” ашылды. 50 м2 алаңда отандық өндірушілердің өнімі қойылған. Жақын арада онлайн-сатылымдарды және жеке веб-сайтты іске қосу жоспарлануда.

"Nomad Bazaar" Алматы тұрғындары мен қонақтары үшін айрықша орынға айналды. Онда Орталық Азияның бірыңғай брендімен экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және отандық тауарды ілгерілетуге ықпал ететін өңірлік өнімдердің үздік үлгілері ұсынылған.

Көрмеде ұлттық қолөнерді дамытып жүрген ауыл шеберлеріне ерекше назар аударылады.

Шығыс Қазақстан облысы, Глубокое ауданының жобасына қатысушы Нұржан Есхожин:

"Менің негізгі қызметім-қолдан бұйым жасау және тері өңдеу. Мұның бәрі- ауылымыздың өнімі. Мысалы, мен теріні сүтке илеймін. Осының арқасында өнім экологиялық таза. Мен, сондай-ақ, ат әбзелін, қамшы, торсық, тұрмыстық, мал шаруашылығына қажетті басқа да заттарды жасаймын. Сонымен қатар, ағашпен, сүйекпен және темірмен жұмыс істеймін. Менің мақсатым-ата-баба дәстүрін жас ұрпаққа үйрете отырып, ұлттық қолөнерімізді сақтап, дамыту".

Көрмеге қатысушылар арасында Семей қаласынан келген Оксана Каливошкина бар. Ол қазақ тағамдарының ұлттық тағамдары секілді етіп жасалған сәндік сабындар жасайды.

"Мен бұл іспен төрт жылдан бері айналысып келемін. Ал БАБӨ жобасы үшін ұлттық тағам түріндегі сабын жасадым. Бұл біздің дәстүрімізді көрсететін ерекше өнім. Сабындарым палау, ірімшік, лағман, чак-чак, шай құйылған пиала, кептірілген жеміс түрінде жасалуда. Ұлттық тағамдардан басқа, десерт түрінде де жасалуда: круассандар, торттар, жемістер, рахат-лукум. Сабын жоба аясында ашылған Семей қаласындағы дүкенде, сондай-ақ Алматыдағы Жасыл базарда бар. Биыл мен жобаның жеңімпазы болдым. Өз жұмысымды Астанадағы көрмеде ұсынғаныма қуаныштымын".

"Бір ауыл - бір өнім" жобасы еліміздің түкпір-түкпірінен белсенді және шығармашыл кәсіпкерлерді біріктіріп, жергілікті өндірісті дамытуға, жұмыс орындарын құруға және қазақстандық өнімді халықаралық деңгейде ілгерілетуге ықпал етеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -