Су тасқынына дайындық: Қазақстан өңірлері қауіпсіздікті қалай қамтамасыз етуде

990
Фотосурет: Gov

Су тасқыны кезеңіне дайындық шеңберінде еліміздің өңірлерінде төтенше жағдайлардың алдын алуға және көктемгі су тасқынының ықтимал салдарын барынша азайтуға бағытталған су тасқынына қарсы іс-шаралар кешенін іске асыру жалғасуда, деп хабарлайды DKNews.kz.

  ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары полковник А.С. Советов Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды. Ол инженерлік жұмыстар жоспарының орындалуымен танысып, ықтимал су тасқыны аймақтарындағы бөгендер мен су өткізгіш құрылымдардың жай-күйін тексерді. Сонымен қатар алдын алу шараларын күшейту және қызметтер арасындағы өзара әрекеттестікті жақсарту бойынша ұсыныстар берілді. Дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп, тұрақты бақылауда.

  Шығыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы іс-шаралар алдын ала жүргізілуде. Облыстық ТЖД бастығының орынбасары А.А. Еңсегенов Шемонаиха ауданы әкімдігі өкілдерімен бірге аудан аумағын аралап, инженерлік жұмыстар жоспарының орындалу барысын көзбен шолып, мониторинг жүргізді. Сапар барысында су басу қаупі жоғары учаскелер қаралды. Убинка ауылында көше жөндеу жұмыстары жүргізілуде, Красная Шемонаиха ауылында су өткізу құбырына жүргізілген ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар Большая Речка ауылында көпірді жөндеу жоспарланған учаске тексерілді. Барлық іс-шаралар белгіленген мерзімде орындалып, нысандардың көктемгі су тасқыны кезеңіне дайын болуы қамтамасыз етілуде.

  Қарағанды облысында су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жоспарлы түрде жалғасуда. Шет ауданында ұзындығы 500 метр учаскеде Шерубай-Нұра өзенінің арнасын кеңейту және тазарту жұмыстары жүргізілді. Қарқаралы ауданындағы Ақшоқы ауылында қорғаныш білігін салу, сондай-ақ су бұру арналарын тереңдету және тазарту жұмыстары жүргізілуде. Инженерлік жұмыстар жоспарында көзделген 138 іс-шараның 109-ы аяқталды, 28 позиция бойынша жұмыстар жалғасуда. Бүгінгі таңда 22 шақырымнан астам қорғаныш біліктері тұрғызылып, нығайтылды, 16 шақырымнан астам каналдар мен арықтарды тазарту және салу жүргізілді, 24,8 шақырым өзен арналарында тазарту жұмыстары жүргізілді. Автомобиль жолдарының 54 учаскесінде өткізу қабілеті ұлғайтылды, екі гидротехникалық құрылысқа ағымдағы жөндеу жүргізілді.

  Су тасқынына қарсы барлық іс-шаралар жергілікті атқарушы органдар мен Төтенше жағдайлар департаменттерінің тұрақты бақылауында болады, бұл су тасқыны кезеңінде халықтың және инфрақұрылым объектілерінің қауіпсіздігін уақтылы қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -