Astana Hub бизнес пен шығармашылықты ілгерілетуге арналған бірегей курс іске қосып жатыр

660
Фотосурет: @frimufilms / freepik.com

Astana Hub халықаралық инновациялық кластері мен Цифрлық индустриялар академиясы бірлесіп, «Нейрожелілерді пайдалана отырып, бренд қалыптастыру» атты білім беру жобасын іске қосты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Курстың мақсаты – қазақстандықтарға жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін жеке брендін, бизнесін және шығармашылық жобаларын дамыту үшін тиімді пайдалануды үйрету.

Astana Hub цифрлық білім беруді және ЖИ-құзыреттерді дамыту бағыттарын белсенді түрде ілгерілетіп келеді. Бұған дейін іске қосылған «ЖИ негіздері: ChatGPT», «Деректерді талдау және Python негіздері», «Промпт-инжиниринг негіздері» және QazCoders сынды серіктестік онлайн-курстар он мыңдаған қазақстандықтарға заманауи цифрлық мамандықтар мен құралдарды меңгеруге мүмкіндік берген болатын.

Жаңа оқу бағдарламасы төрт апта бойы онлайн форматта өтеді және 20 бейнесабақтан тұрады. Сабақтарда нақты кейстер талданып, қосымша материалдар ұсынылады.

Формат қатысушыларға өзіне ыңғайлы уақытта оқуға және жұмыспен немесе оқуымен қатар үйлестіруге мүмкіндік береді. Курс бастапқы деңгейдегі мамандарға, дизайнерлерге, маркетологтарға және кәсіпкерлерге арналған.

«Бұл Astana Hub-та жүзеге асырылып жатқан серіктестік жобалардың алғашқысы емес. Біз заманауи цифрлық мамандықтарға деген қызығушылықтың қаншалықты жоғары екенін көріп отырмыз және қатысушыларға тек білім ғана емес, жұмыста бірден қолдануға болатын нақты құралдарды ұсынуға тырысамыз. ЖИ-ды пайдалану арқылы бренд-дизайн бойынша курс қазақстандықтардың технологиялық дағдыларын дамытудағы миссиямыздың жалғасы», – деді Astana Hub білім беру бағдарламалары кеңсесінің директоры Алёна Славкина.

Жаңа курс технологиялардың креатив индустриясын қалай өзгертетінін түсінуге, сонымен қатар бренд жасаудың практикалық құралдарын меңгеруге мүмкіндік береді. Қатысушылар бренд стратегиясын әзірлеуді, визуалды жүйе құруды, түстер мен қаріптерді таңдауды, логотип жасауды, сондай-ақ Midjourney, ChatGPT және Canva AI сияқты нейрожелілерді идеялар, визуалдар мен мокаптар генерациялау үшін пайдалануды үйренеді.

Курс менторы Цифрлық индустриялар академиясының тәлімгері, GForce Grey агенттігінің арт-директоры және Creative Group Head маманы Дайана Молдагулова.

«Нейрожелілерді пайдалана отырып, бренд қалыптастыру» курсы Қазақстанда жаңа буын креатив мамандарын қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Курс қатысушыларға бренд-дизайнер мамандығының мәнін терең түсінуге көмектеседі: стратегия мен визуалды жүйені жасаудан бастап, жасанды интеллект құралдарын дұрыс қолдануға дейін. Арнайы модуль қазіргі креатив индустрияны өзгертетін ЖИ-құралдарға арналған», – деп атап өтті Дайана Молдагулова.

Курсты аяқтаған қатысушылар сертификат алып, ЖИ көмегімен әзірленген мини-брендбукпен өз портфолиосын толықтыра алады. Жоба қатысушыларды технологияны өзін-өзі дамытуға, бизнесін ілгерілетуге және жылдам өзгеріп жатқан цифрлық әлемде өз орнын нығайтуға шабыттандыруға бағытталған.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -