Әскери қызметшілердің балалары «Балдәурен» лагерінде демалуда

594
Фотосурет: Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі

Шымкент гарнизоны әскери қызметшілерінің балалары Түркістан облысы, Төлеби ауданындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының филиалына келіп, демалыстарын көңілді әрі пайдалы өткізіп жатыр, деп хабарлайды DKNews.kz.

Ағымдағы жылдың соңғы ауысымы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналды. Бұл жолғы демалысқа Шымкент қаласының әскери қызметшілерінің балалары ғана емес, сондай-ақ әскери-патриоттық клубтардың белсенді тәрбиеленушілері, «Жас сарбаз» қозғалысының мүшелері мен кадет сыныптарының оқушылары қатысуда.

Балаларды лагерь аумағына келген сәттен бастап жылы қарсы алып, мерекелік бағдарлама мен экскурсия ұйымдастырылды. Олар күн тәртібімен, тұрмыстық және қауіпсіздік ережелерімен танысып, тез арада лагерь өміріне бейімделіп кетті. Танысу ойындары мен шығармашылық шеберханалар жасөспірімдердің бір-бірімен достасуына, жаңа ортада еркін сезінуіне ықпал етті.

Орталықтағы демалыс мерзімі – 20 күн. Бұл уақытта балалар тек көңіл көтеріп қана қоймай, мектеп бағдарламасы бойынша білімін де жалғастырады. Мәдени және сауықтыру шараларымен қатар, патриоттық бағыттағы кездесулер мен спорттық жарыстар да ұйымдастырылуда.

35748 әскери бөлімінің әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметінің басшысы Жамал Оразбек демалыс маусымының қорытындысына тоқтала келе былай деді:

«Бұл – ағымдағы жылдың соңғы ауысымы. Жалпы, Шымкент гарнизонынан төрт ауысым бойы шамамен алпысқа жуық әскери қызметшінің балалары демалып қайтты. Мұндай мүмкіндіктің берілуі – Қорғаныс және Оқу-ағарту министрліктерінің бірлескен еңбегінің нәтижесі. Балалардың қуанышты жүзін көру – ата-аналар үшін үлкен бақыт».

Жалпы алғанда, 2025 жылы «Балдәурен» орталығының филиалдарында еліміздің түкпір-түкпірінен мыңнан астам бала демалған болатын.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -