6655 әскери бөлімінің қаржы қызметінің бастығы капитан Раушан Ульданова – өз ісіне адал, жоғары жауапкершілік пен тиянақтылықты ту еткен тәжірибелі офицер. Ол қызмет жолында еңбекқорлығымен және кәсіби шеберлігімен ерекшеленіп, әскери бөлімнің қаржылық тәртібін қамтамасыз етуде зор үлес қосып келеді.
Раушан Елубаевна 1982 жылы 17 ақпанда Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Шұбарқұдық елді мекенінде дүниеге келген. Отбасында төрт баланың тұңғышы. Әкесі – Елубай Ульданов дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, анасы – Тәрбие Ельтезирова математика пәнінің ұстазы. Ұстаздар отбасында тәрбиеленген Раушан жастайынан еңбекқорлық пен білімге құштар болып өсті.
1999 жылы Шұбарқұдық қазақ орта мектебін бітіріп, Ақтөбе өңірлік университетінің «Қаржы және экономика» мамандығына түсіп, 2003 жылы жоғары оқу орнын тәмамдады. 2006 жылы еңбек жолын салық органында бастап, 2007–2011 жылдары Ақтөбе облыстық әскери прокуратурасында қызмет атқарды.
2011 жылдан бастап Ұлттық ұлан қатарында абыроймен еңбек етіп келеді. 2014 жылдан бері 6655 әскери бөлімінің қаржы қызметінің бастығы лауазымында. Өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарайтын Раушан Елубаевна бөлімнің қаржы-шаруашылық қызметін ұйымдастыруда, тәртіп пен үнемділікті сақтауда ерекше табандылық танытып келеді.
Раушан Елубаевна – білікті маман ғана емес, үлгілі отбасының ұйытқысы. Жолдасы – Бахтияр Арипов әскери сақтау базасының офицері. Екеуі де әскери қызметті абыроймен атқарып жүрген офицерлер отбасы. Бүгінде төрт баланың — Дамир, Инаят, Радмир және Инараның ата-анасы.
Қызмет пен отбасын тең ұстаған Раушан Елубаевна ұжым арасында зор беделге ие. Қаржы қызметкерлерінің күні қарсаңында ол сияқты адал еңбегімен Ұлттық ұланның абыройын асқақтатып жүрген офицерлерге алғыс білдіреміз.
Құралбек Амандықұлы