Сарыағаштық егіз бауырлар Ұлттық ұлан сапында қызмет етуде

561
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6655 әскери бөлімінде қатар қызмет етіп жүрген ерекше сарбаздар бар. Олар – Түркістан облысы, Сарыағаш өңірінің тумалары, 2005 жылы дүниеге келген егіз бауырлар – қатардағы Аман мен Есен Нартановтар.

Нартановтар отбасы көпбалалы, ал Аман мен Есен – алты баланың тұңғыштары. Бір үйдің тірегі саналатын егіздер 2024 жылдың екінші шақырылымымен әскери қызметке аттанып, бүгінде атқыштар ротасында абыроймен борыштарын өтеп жүр.

Аман – білімге құштар, бос уақытын кітап оқуға арнаған зерек сарбаз. Ал Есен – спортқа бейім, күрес түрлеріне қызығушылық танытатын шыныққан жас. Екеуі де жауапкершілігі жоғары, сабырлы, салмақты және жігерлі мінездерімен ерекшеленеді.

Қызмет барысында егіздер қырағылық пен тәртіп үлгісін көрсетіп келеді. Әскери өмір оларды шыңдап, жаңа мақсаттарға жетеледі.

— Ұлттық ұлан сапында қызмет ету – әрбір жігіттің парызы деп білеміз. Біз үшін бұл – үлкен абырой. Әскери өмір бізге тәртіптілік пен жауапкершілікті үйретті, – дейді қатардағы Аман Нартанов.

Ал оның егіз бауыры Есен өз ойын былай түйіндеді:

— Мақсатымыз – осы жерде алған тәлім мен тәртіпті азаматтық өмірде де жалғастырып, елге пайдалы болу. Ұлттық ұлан қатарында жүргенімізді мақтан тұтамыз.

Болашақта Аман мен Есен ел игілігіне еңбек етіп, халыққа қызмет етуді мақсат етіп отыр. Егіз сарбаздардың жігері мен патриоттық рухы қатарластарына үлгі болары анық.

6655 әскери бөлімі лейтенант Қ. Бақтыгерей

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -