Алматыда жаңа қоғамдық саябақ ашылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жаңа саябақтың ресми ашылу рәсіміне қатысты. Саябақ Назарбаев даңғылының батысында және Ганди көшесінің солтүстігінде орналасқан.
Жобаны іске асыру үшін мемлекеттік бюджет қаржысынан бөлек, демеушілік қаражат есебінен Нұрлан Смағұлов қоры 1 млрд теңге бөлді.
Саябақ Қазақстан Республикасы Президентінің бұрынғы резиденциясының орнында пайда болды.

«Бұл - Алматының төрінде орналасқан тарихи орын. Өкінішке орай, 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде бұл ғимарат қатты зақымдалған болатын. Бұдан кейін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осы жерде қала тұрғындары үшін саябақ салынсын деген шешім қабылдады. Осы жұмысқа біз де өз үлесімізді қосып, Нұрлан Смағұлов қоры 1 млдр теңге бөлді. Бұл істің коммерциялық жоба емес екенін айта кеткен жөн. Өзіңіз көріп отырғандай ел-жұрт ризашылығын білдіріп жатыр, бала-шағаларымен серуендеуге келіп жатқан тұрғындарымыз, жастар және үлкен кісілер көңіл көтеріп жүр», – Нұрлан Смағұлов қорының директоры Айдын Сұлтанов.
Жаңа саябақ қоғамдық кеңістіктерді дамыту бағдарламасының бір бөлігіне айналып, жайлы қала ортасын қалыптастыруға бағытталған. Нысанның жалпы ауданы 4,16 гектарды құрайды, оның үш гектарына жуығын жасыл аймақ алып жатыр.

Құрылыс жұмыстары барысында инженерлік және абаттандыру жұмыстары толық орындалды. Аумақта заманауи жарықтандыру және автоматты суару жүйелері орнатылып, 10 мың шаршы метрден астам жаяу жүргіншілер жолы төселіп, демалыс аймағы 77 орындық және 52 қоқыс жәшігімен жабдықталды. Ауқымды көгалдандыру жұмысы жүргізіліп, 425 ағаш (оның ішінде 166 қылқан жапырақты және 259 жайпақ жапырақты ағаш), сондай-ақ 590 бұта (351 қылқан жапырақты және 239 жайпақ жапырақты) отырғызылды.
Жаңа саябақтың ерекшелігі – қыста мұз айдыны ретінде пайдаланылатын жасанды тоған пайда болды. Тоған белсенді демалыс үшін қосымша ашық кеңістік жасауға және жыл бойы келушілерді тартуға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, абаттандыру кезінде климаттық жағдайларға төзімді материалдар мен экологиялық технологиялар қолданылған. Жаңа саябақ қаланың орталығындағы жасыл аймақтың бір бөлігі ретінде тұрғындардың серуендеуі мен демалуына ыңғайлы орынға айналды.
Мұндай қоғамдық кеңістіктердің дамуы қалалық орта сапасын арттырады, жасыл аймақтарды қалыптастыруға және қала тұрғындарының белсенді демалысы үшін жағдай жасауға ықпал етеді.

Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының ақпараты бойынша, Алматыда саябақтар мен жасыл аймақтарды құру бойынша жобалар жүйелі түрде іске асырылуда. Қаланың әр ауданында серуендеуге және демалуға арналған жаңа алаңдар пайда болып жатыр.
Айта кетейік, Нұрлан Смағұлов қоры – жеке қайырымдылық ұйым. Қордың негізгі миссиясы – мәдениетті, өнерді, спортты және әлеуметтік маңызы бар жобаларды қолдау және дамыту, сонымен бірге еліміздің дарынды адамдары үшін жаңа мүмкіндіктер жасау.
Қор құрылған сәттен бастап бірқатар ауқымды бастамаларды іске асырды. Олардың қатарында су тасқыны салдарынан зардап шеккен Орал қаласының тұрғындары үшін 264 пәтер сатып алу, мүгедектерге көмек беру, білім беру мекемелерін қолдау, сондай-ақ мәдениет және өнер саласындағы жобаларға демеу секілді маңызды істер бар.