Редакция алқасы отандық тарихтың Қазақ хандығына арналған төртінші томын талқылады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Алматыда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық академиялық басылымды әзірлеуге қатысты редакция алқасының кезекті отырысы өтті.

Бұған дейін алқа мүшелері ежелгі кезеңге, түрік дәуіріне және Алтын Ордаға арналған томдарды қарастырып, бекіткен болатын. Іргелі еңбекті әзірлеу барысында жүйелілік пен сабақтастық қатаң сақталып отырғанын айта өткен жөн. Осы жолғы отырыста Қазақ хандығы кезеңіне арналған төртінші томның қолжазбасы қаралды.
Томның жаңартылған тұжырымдамасын, құрылымы мен мазмұнын басылымның үйлестірушісі, тарих ғылымдарының докторы, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, академик Зиябек Қабылдинов таныстырды.
Отырыста Парламент депутаты, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбілдің, тарих ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті түлектері қауымдастығының атқарушы директоры Күлгазира Балтабаеваның, «Қазақ тарихи қоғамының» басқарма төрағасы Радик Темірғалиевтің рецензиялары тыңдалды.
Сонымен қатар Ханкелді Әбжанов, Айдос Сарым, Айгүл Сәдуақасова, Мұрат Әбдіров, Галина Ксенжик, Берекет Кәрібаев, Мәмбет Қойгелдиев, Жақсылық Сәбитов, Оразақ Смағұлов, Айболат Күшкімбаев, Сәбит Шілдебай, Ақан Оңғарұлы, Берік Әбдіғалиұлы секілді редакция алқасының басқа да мүшелері өз ой-пікірін ортаға салды. Рецензенттер мен алқа мүшелері төртінші том бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс біршама ілгерілегенін атап өтті әрі қолжазбаның жаңа құрылымы мен мазмұнын талқылады.
Редакция алқасы Қазақ хандығы кезеңіне арналған томның қолжазбасын одан әрі жетілдіріп, желтоқсанда өтетін отырыста қайта қарастыру жөнінде шешім қабылдады.