Олжас Бектенов тұрғын сектордағы өрт қауіпсіздігіне бақылауды күшейтуді тапсырды

506
Фотосурет: UKIMET

Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Түркістан облысы Алғабас ауылында орын алған қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазіргі уақытта өрттің себептерін анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылып, жұмысқа кірісті. Ағымдағы жағдай туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев баяндады.

Олжас Бектенов зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті көмек, оның ішінде материалдық және медициналық көмек көрсетілетінін атап өтті.

«Жалпы, жылу беру маусымының басталуымен тұрғын үй секторында өрт оқиғаларының саны өсіп барады. Біз бұл мәселені қазан айында Үкімет отырысында қарадық. Алайда, жағдайдың жақсарғанын әзірге көріп отырған жоқпыз» Олжас Бектенов

Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігіне өрттерді болдырмау, адамдардың өмірін сақтау мәселелері бойынша орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысын тиісті деңгейде үйлестіруді қамтамасыз ету тапсырылды. Өңір әкімдіктерімен және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, тұрғын үй секторын, әсіресе жатақханалар мен хостелдерді, халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлерін аралап, рейдтер жүргізу қажет.

Мәдениет министрлігі мен әкімдіктер барлық масс-медиа мен әлеуметтік желілерде түсіндіру жұмыстарын жандандыру, ал өңір әкімдіктері газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалануға бағытталған алдын алу шараларын жүргізу бойынша газ-техникалық инспекцияның жұмысын күшейту тапсырылды.

Премьер-министр орын алған жағдайдан дұрыс қорытынды шығарып, алдағы уақытта ондай оқиғаларға жол бермеу үшін нақты ұсыныстар әзірлеу керек екенін атап өтті.

Бақылау Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа бекітілді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -