Әскери байланысшылар 2025 жылдың жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Астанада Қарулы күштер түрлері, әскер тектері және өңірлік қолбасшылықтар байланыс әскерлері бастықтарының, ҚР Ұлттық қорғаныс университеті және Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты байланыс кафедраларының қатысуымен оқу-әдістемелік жиын өтті.

Іс-шараны Қарулы күштер Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Сәкен Жүсіпов ашты. Ол ведомство басшылығы байланысты ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударатынын атап өтті. Әскери дайындықтың сапасы мен Қарулы күштердің күнделікті өмірі көбіне осы саланың жұмысына байланысты.
"Қорытынды алқада Қорғаныс министрі басқарудың тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті. Сондықтан біздің күш-жігеріміз байланысшыларды кәсіби даярлауға және әскерлерді бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылдың тұрақтылығын және шешім қабылдаудың жеделдігін қамтамасыз ететін заманауи байланыс құралдарымен жарақтандыруға бағытталатын болады" Бас штаб Байланыс департаментінің бастығы полковник Асан Ақышев
Биылғы оқу жылында байланыс мамандары Қарулы күштер ауқымындағы және халықаралық деңгейдегі барлық іс-шараларға тікелей қатысты. Олар «Айбалта-2025» жедел-стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуында маңызды қызмет атқарып, штабтар мен бөлімшелер арасында үздіксіз ақпарат алмасуды қамтамасыз етті.

Байланысшылардың кәсіби деңгейін арттыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Жауынгерлік даярлық қорытындысы бойынша 4000-нан астам байланыс маманы оқытылып, даярланды.
Әскери байланысшылардың практикалық дағдыларын бекіту бойынша маңызды іс-шара арнайы оқу-жаттығу болды. Онда әскери қызметшілер әртүрлі құқықтық режимдерде, тез өзгеретін жағдайда байланысты ұйымдастыру және қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер кешенін кезең-кезеңімен орындады. Оқу-жаттығудың қорытындысы бойынша байланыс бөлімшелерінің жоғары үйлесімділігі және олардың кез келген жағдайда қойылған міндеттерді орындау қабілеті атап өтілді.

Жиын аясында қатысушылар қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің кәсіпорындарында болды. Бұдан өзге заманауи байланыс құралдарының үлгілерімен көрнекі сабақтар да өткізілді.

Техникалық құралдарды біріздендіру, жаңа технологияларды енгізу, байланыстың тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылағаннан кейін басшылық жиналысқа қатысушылардың алдына келесі кезеңге міндеттер қойды.
