Ұлттық ұланның Семей қаласындағы 5511 әскери бөлімінде белгілі театр және кино актері Өмірзақ Рамазан мерзімді әскери қызметін өтеп жүр.
Ол Youtube платформасында миллионнан астам қаралым жинаған «Бажалар» және «Сәке» сериалдарына түскен. Өнер иесі Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «кино және театр актері» мамандығын тәмамдаған. Осы орайда әскери жасақ қатарында қала тыныштығын күзететін сарбазбен сөз өрбітіп көрдік.

– Есенсің бе, Өмірзақ? Әскерге келген алғашқы күндердегі әсеріңмен бөліссең. Алғашқы сауал осы болсын.
– Әскерге келген алғашқы күндерім таңырқанысқа толы болды. Ұлттық ұлан қатарына қосылу арқылы ұлылардың мекені Семей қаласына табаным алғаш рет тиді. Өз шығармашылық тобы бар өнерпаз үшін жұмыс істейтін уақыт кестесі де өз қалауымен болатұғын. Түсірілімге ұйқымды қандырып, түстен кейін бірақ барып, уақыт кестесін дәл солай қоятынмнын. Ал, мында сарбаз болу менің оң жамбасыма келетін кестемнің астан-кестеңін шығарды. Жалпы қаншама алтын уақытымды жалқаулыққа арнағанымды әскерде жүріп саналы түрде сезінудемін. Алайда мен әскерге келіп, актерлер туралы қалыптасқан стереотипті жоққа шығардым деп ойлаймын. Әскерде актерларды спортқа икемі жоқ, физикалық қабілеті әлсіз деп ойлайды екен. Мүмкін олар өнер адамдары сахнада немесе камераның алдында ғана рөлге еніп, өнер көрсеткеннен қалыптасқан пікір болар. Бірақ біз академияда түрлі спорт түрімен айналыстық. Жиырма шақырым жүгіріп, жекпе-жек түрлеріне қатысып, кәсіби спортшыдан артық болмаса кем дайындалмадық. Өйткені актер әрдайым бабында болу қажет. Сондықтан әскердегі спорттық жарыстарда алдыңғы қатардан көріндім. Осылайша, актерлердің өнерлі ғана емес - кез келген сынақтан сүрінбей өте алатынын білекті екендерін дәлелдедім.
– Сен қай актерды үлгі тұтасың?
– Мен үшін үлгілі актер һәм ұстазым ҚР еңбек сіңірген қайраткері Еркебұлан Дайыров. Еркебұлан аға сөзі де өзі де мығым, нық сөйлейтін кесек болмысты адам. Мен сол кісіге қарап жүріп, биіктіктің қандай болатындығын аңғардым. Тіп-тік жүретін, байыппен тіл қататын ұстазыммен талай спектакльдерде бірге ойнадық. Рөлге енгендегі түр сипаты өзгеше реңкке боялып, өткір қарашығы қай көрерменді де болмасын еріксіз өзіне баурап алатын. Ол маған «егер актер өз рөліне сенбесе, онда ол көрерменді де сендіре алмайды» деп айтатын Сондықтан барлығы алдымен өзіңе деген, одан кейін өз кейіпкеріңе деген сенімнен басталандығына көзім жетті. Сахна барлық саланың мамандығын қамтиды. Оны түбегейлі зерттейді. Сахнада сомдаған рөл көрерменге ерекше әсер беру қажет. Негізінен актер – ғылымға жақын. Себебі, бейнені толық зерттемей, толымды образ шықпайды. Ыңғайлы рөлдер болады. Бірақ енді сондай кейіпкер қашан бұйырады екен деп күтіп жүре алмайсың. Бір рөлді жиырма жыл бойы ойнау актерге оңай соқпайды. Яғни кәсібилігіңді бір деңгейде ұстап тұру өте қиын. Алғашқы, екінші, үшінші премьерада ол халықтың қошеметтеуімен өз рөлін алып шығар. Ал төртінші қойылымнан бастап артист барлық күшін жұмсайды. Дәл сол тұста оның кәсіби деңгейі көрінеді деп ойлаймын. Жалпы мен актерлікке өз өре-деңгейімде ғана баға бере аламын. Өйткені, мен өнер әлеміне енді ғана із тастадым. Десе де театр және кино саласында өзімді сынап көрдім және әлі де сынаймын. Өмірзақтың шығармашылық жолы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында басталған. Ол «Сүйінбай» спектаклінде Жарас рөлін сомдап, көрермен ықыласына бөленген. Кейін Түркістан қаласындағы музыкалық драма театрда еңбек етіп, «Бөрте» қойылымында Шағатайдың, «Шинельде» Степан Варламовичтің, ал «Мұқағалида» Мұқағалидың рөлін сомдады.
– Мен үшін әрбір спектакль – ең алдымен үдеріс. Үдеріс деген сөз менің ұғымымда өсу, өркендеу, жетілу деген мағынаны білдіреді. Әр спектакль жаңадан басталған ақ парақ сияқты. Жаңадан басталған қойылымда барлығын зерттеп, кез келген құбылысқа жаңадан қарайсың. Тіпті, бұған дейінгі тәжірибелеріңнің де көмегі тимей қалуы мүмкін. Қызығы мен қиындығы қатар жүрген спектакльдер бар. Әрине, әр кейіпкер терең зерттеуді талап етеді. Режиссер бізге рөлді бірден бермейді, яғни этюдтар арқылы әр актерді неше түрлі рөлге салып, содан кейін ғана тағайындайтын кездер болады. Сондай уақыттарда кейіпкердің түпкі мақсатын, ішкі толғанысын ғана емес, бұған дейін не болғанын драматург жазбай кеткен жағдайды да логикалық негіздерге сүйене отырып зерттейміз. Бұл мәселе режиссерге және актердің өзінің ішіндегі режиссерге байланысты.

– Сенің актерлықтан бөлек режиссерлық қырың да бар. Әскерде жүріп бойыңдағы шығармашылық қарқыныңды бәсеңдетіп алмадың ба?
– Мен актер ғана емес, режиссермін. Алматыда шығармашылық топпен шағын киножобалар түсірдім. Қазақ киносында әскери тақырып әлі толық ашылмаған. Әскер маған жаңа көзқарас беріп, киноға қажет көптеген детальдарды байқауға мүмкіндік берді. Болашақта әскери тақырыптағы туындыларды өмірге әкелгім келеді. Оған Ұлттық ұландағы ұмытылмас күндер себеп деп ойлаймын.
Мерзімді әскери қызметші әскери бригаданың мобилогрофы.
Өмірзақ жауынгелік қызметтің қызықты сәттерін ерекше мәнерде түсіреді дейді сарбаздың қаруластары. Қатардағы жауынгердің айтуынша, ешкімнің назарына ілікпейтін кадрларды жинап, әскерде жүріп те режиссерлік қабілетті шыңдап, рухани азық жинауға болады.
– Мен Ұлттық ұлан қатарында жүріп, Семей қаласындағы қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етемін. Семейде де Алматы тәрізді өнер шаңырағы. Абай театры сияқты мәдени ошақтың жанынан өткенде ішіне кірсе, киелі сахнаға шықса ғой деген бойымдағы жауынгерлік қайсарлықтың ар жағында көлегейленген өнерге деген махаббат менмұндалайды. Жалпы, күні-түні сапырылысқан көлік легінен кептеліс туындаған алып шаһар Алматының жанында Семей беймарал һәм мамыражай күн кешіп жатқанға ұқсайды. Тіпті әскерден кейін де осы бір қалада өмір бастаса қалай болады деген ойлар да санамның саңлауынан қылаң береді.
– Жауынгерлік қызмет барысында қырағылық үлгілерін танытқан шақтар болды ма?
– Жаяу жасақ құрамындағы мерзімді әскери қызметшілердің жекпе-жек ұрыс тәсілдерді жетік меңгеру деңгейлері әрқашан сын-сынақтан өтіп, үнемі бақылауда болады. Өйткені,жауынгерлік қызмет уағында бұзақы қол көтеріп, суық қару пайдаланған сәтте тойтарыс беру қажет. Бірақ мен де едәуір жыл шаршы алаңда тер төгіп, байрақты бәсекеде топ жармасам да, жұдырықтасуға әбден дағдыландым. Әскерге дейін де шымыр білекті едім. Бұл жақта одан сайын шыңдала түсудемін. Жауынгерлік қызмет барысында гараж артында есірткі шеккендерді байқап қалдық. Бізді көрген олар көз ілеспес жылдамдықта ізім-ғайыпқа айналмақ болды. Көк түтінге көмілген екеудің біреуі шалынып құлады, ал екіншісі жылпостау екен ұзаққа дейін ілестірмеді. Бойына спортты серік еткен мен үшін бұл бір сынақ болды. Әлгі күдіктіні ұрымтал тұста – аяғынан шалып құлаттым. Оларды құрықтау барысында қалтала рынан есірткі табылды. Міне, менің қырағылық үлгісін көрсеткен жерім осы болды. Бұл әрекет менің – Отан алдындағы борышымды абыройлы атқарғанымның айшықты көрінісі деп есептеймін. Біздің мақсат тұрғындардың бейбіт өміріне қауіптілік туғызбау. Сондықтан күнделікті әскери міндетімді орындау барысында әкімшілік құқық бұзған, қылмысқа қатысы бар күдіктілерді ұстауда барымызды саламыз. Жауынгерлік қызметке кіріспес бұрын, саптық алаңда бұйрық беріліп, із-түссіз жоғалғандар мен іздеуде жүрген қылмыскерлер туралы ақпарат айтылады.
- Әңгіме үшін рақмет. Қала тыныштығын күзетуде қайтпас қайсарлық танытып, Отанға деген шексіз адалдығыңның айшықты белгісін Жауынгерлік қызмет барысында көрсете бергейсің. Өмір жасың ұзақ болсын, Өмірзақ!
Рүстем Мұхамет-Рақым,
Өскемен қаласы