Жас бүркіт – самғай бер, патриоттық рухпен

682
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Патриоттық тәрбие – ұлт болашағының берік іргетасы.  Ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу ісіне өз үлесін қосып жүрген жандардың бірі - зейнеткер, майор Алтынбек Абдуллаұлы Нұрманов.

Ол Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы қатарында ұзақ жыл қызмет етіп, ел қауіпсіздігі мен тәртібін сақтауда қызмет еткен, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жауынгерлік өмірден алған тәжірибесін азаматтық салада жалғастырып, бүгінде мектеп оқушылары арасында “Жас бүркіт” әскери-патриоттық ұйымының жетекшісі атанып отыр.

Алтынбек Нұрманов 2005 жылдан бері Ұлттық ұлан сапында табанды қызмет етіп, ел тыныштығының қорғаны болған. Қазақ даласының батыс өңірі Атыраудан бастап, солтүстіктегі Көкшетау, Степногорск және Қарағанды қалаларына дейін түрлі әскери бөлімдерде  еңбек етті. Қай қала да қызмет етсе де өз ісіне адалдық пен тәртіпке деген жоғары жауапкершілігін көрсетіп, әріптестерінің зор құрметіне бөленген. Ұзақ жылғы қызметінің нәтижесінде елордамыздағы 6636 әскери бөлімінде тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жөніндегі қызметін атқарып, осы бөлімнен зейнет демалысына шықты.

Қызмет жолын абыроймен аяқтағанымен, жүрегіндегі борыш сезімі оны жаңа іске жетеледі. «Елге қызмет ету тек шенмен өлшенбейді» деген сеніммен мектеп қабырғасында «Жас бүркіт» ұйымын ашып, жасөспірімдерді патриоттық рухта тәрбиелеуге кірісті.

«Жас бүркіт» ұйымының негізгі мақсаты жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді оятып, елін қорғауға деген ниет қалыптастыру. Мұнда әр оқушы  әскери дайындық арқылы батылдық пен тәртіпке үйреніп, ертеңгі күнге сеніммен қадам басады. “Жас бүркіт” жас жүректерге рух беріп, халқына қызмет етуге дайын азаматтарды тәрбиелейтін рухани мектеп іспетті.

«Жас бүркіт» құрамына №91 мектеп-гимназиясының 7 «А», 7 «Б» сынып оқушылары қабылданып, алғашқы топтың негізі қаланды. Ұлдар мен қыздарға арналған арнайы форма оқушылардың бойында тәртіп пен бірлік рухын нығайтып, ұйымның беделін арттыра түскен тәрізді. Сабақтан тыс уақытта өткізілетін саптық жаттығулар, патриоттық кездесулер олардың бойында командалық рухты қалыптастыруда.

«Мектеп қабырғасында жүріп-ақ балалардың бойында нағыз азаматқа тән қасиеттер қалыптасса, ол ел болашағына қосылған үлкен үлес,» - дейді ардагер ұстаз. Алтынбек Нұрмановтың бұл бастамасын №91 мектеп-гимназиясының басшылығы да қолдап, ұйым жұмысына жан-жақты көмек көрсетуде. Мұндай ынтымақтастықтың арқасында “Жас бүркіт” бүгінде тек мектеп деңгейіндегі емес, қала көлемінде де үлгі боларлық патриоттық жобаға айналып отыр. Балалар өздерін тек оқушы емес, елдің болашағы - нағыз азамат ретінде сезіне бастаған.

Ұйымның белсенді мүшелерінің бірі 7 «А» сынып оқушысы Мұхаме-дия Інжу бастаманың өз өміріне ерекше әсер еткенін айтты:

- Жас бүркітке қатысқалы өзіме сенімді бола түстім. Біз тәртіпті, ұйымшыл болуды үйреніп, елге қызмет етудің мәнін түсіндік. Алтынбек ағай бізге ерлік пен адалдықтың не екенін ісімен көрсетіп келеді, – дейді тәрбиеленуші. Жас патриоттар Тәуелсіздік күніне орай саптық жаттығулар мен дефиле жасап, елге адал қызмет етуге ант қабылдауға дайындалып жүр.

Ұйым әр мүшеге өз мүмкіндігін толық іске асыруға, тәуелсіз ойлауға және қоғамға пайдалы іс жасауға сенім береді, осылайша олар ертеңгі күннің сенімді азаматтарына айналады.

Жанерке МҰРАТҚЫЗЫ,

Астана қаласы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -