Атырау қаласындағы Ұлттық ұланның 5546 әскери бөлімінде мектеп оқушыларына арналған ашық есік күні ұйымдастырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл шара жас ұрпақтың отан қорғаушылардың күнделікті қызметімен жақынырақ танысуына, әскери тәртіп пен дайындықтың маңызын терең ұғынуға мүмкіндік берді.
Әскери бөлім аумағына жиналған оқушылар алдымен сарбаздардың күнделікті тұратын казармаларын аралап көрді. Жасөспірімдерге жауынгерлердің тыныс-тіршілігі, сап түзеп шығатын саптық алаңдары, қару-жарақ сақтау орындары мен арнайы техника үлгілері таныстырылды. Сонымен бірге әскерилер оқушыларды бөлімнің асханасымен де таныстырып, тамақтану тәртібі мен қойылатын талаптар жөнінде түсіндірді.

Шара аясында қатысушылар назарына Ұлттық ұланның 17 сарбазының шынайы оқиғалары негізінде түсірілген «Казбат» көркем фильмі ұсынылды. Көрсетілім жасөспірімдерге әскери борыштың салмағы мен ел тыныштығын күзетудің жауапкершілігін терең сезіндіргендей болды.
Ашық есік күніне келген Атырау қаласындағы №51 мектептің жоғары сынып оқушысы Самат Жанұзақ алған әсерімен бөлісті:
"Әскери өмірді тек теледидардан немесе әскери кинолардан көріп қана қоймай, өз көзіңмен көрудің жөні бөлек екен. Сарбаздардың тәртібі, олардың бір күндік әскери өмірі біз ойлағаннан да қызықты әрі жауапты екен. Әсіресе жауынгерлік техниканы жақыннан көріп, оны ішіне отыру біз үшін қызықты, есте қалар сәттердің бірі болды. Әскерилердің бізге ұсынған «Казбат» фильмін көрген соң отан қорғау – әр азаматтың қасиетті парызы екенін түсіндік" Самат Жанұзақ