Қазақстандықтардың жартысынан астамы (51,1%) ChatGPT, Google Gemini, Midjourney және басқа да жасанды интеллект технологияларын қолданады.
Бұл деректер ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты тапсырысымен жүргізілген әлеуметтанулық сауалнама нәтижелеріне негізделген, деп хабарлайды DKNews.kz.
ЖИ ең белсенді қолданатындар бұл жастар: 18–29 жас аралығындағы респонденттердің 76,2%-ы жасанды интеллект сервистерін пайдаланады. 30-45 жаста бұл көрсеткіш 57,1%-ға дейін төмендейді. Жас ұлғайған сайын технологияны қолдану деңгейі біртіндеп азаяды: 46–60 жас тобында 37,5%, ал 61 жастан асқан азаматтар арасында – 16,6%.
Жастар мұндай цифрлық құралдарды көбіне оқу үрдісіне және өзін-өзі дамыту үшін (48,7%), сондай-ақ мәтіндермен жұмыс істеуге (44,2%) пайдаланады. Орта жастағы респонденттердің негізгі сұраныстары да осы бағыттармен сәйкес келеді: білім алу және мәтіндік міндеттер басты қажеттіліктердің қатарында. Ал 61 жастан асқан азаматтар үшін жасанды интеллект сервистері көбіне ақпарат іздеудің құралына айналған: бұл топтың 40,8%-ы ЖИ ең алдымен қарапайым іздеу жүйесі ретінде қолданады.
Гендерлік және әлеуметтік-демографиялық айырмашылықтар да айқын байқалады. Әйелдер цифрлық сервистерді ерлерге қарағанда жиі қолданады (54,6% және 46,6%). Сондай-ақ қала тұрғындары ауылдық жерлерге қарағанда жасанды интеллектті белсендірек пайдаланады: тиісінше 53,2% және 47,9%. Бұл айырмашылық көбіне қалалардағы цифрлық инфрақұрылымның кеңірек қолжетімділігімен түсіндіріледі.
Білім деңгейі де цифрлық құралдарды қолданудағы маңызды факторлардың бірі. Жоғары білімді респонденттер (64,2%) мен орта білімді азаматтар (37,7%) арасындағы алшақтық 1,7 есеге дейін жетеді. Бұл жаңа технологияларды меңгеру үшін білім мен дайындықтың шешуші рөлін көрсетеді. Сондай-ақ білім деңгейі мен цифрлық құзыреттілік арасындағы байланыс та айқын көрінеді: білім деңгейі жоғарылаған сайын заманауи технологияларды күнделікті өмірге енгізуге деген дайындық та арта түседі.
*Әлеуметтанулық сауалнама ҚСЗИ тапсырысымен 2025 жылғы 3 қазан мен 5 қараша аралығында жүргізілді. Іріктеме көлемі 8000 респондентті құрайды. Сауалнамаға 17 облыс пен 3 республикалық маңызы бар қала – Астана, Алматы және Шымкент қалаларының 18 жастан асқан респонденттері қатысты.