68665 әскери бөлімінің базасында Құрлық әскерлерінің нұсқаушылары үшін тактикалық-атыс даярлығы бойынша нұсқаулық-әдістемелік сабақтар өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шара кәсіби дайындықты арттыруға, тәжірибе алмасуға және қазіргі заманғы ұрыс жүргізу тәсілдерін ескере отырып, әскери қызметшілерді оқыту үрдісін жетілдіруге бағытталды.

"Нұсқаушылармен өткізілетін жиындар жеке құрамды сапалы дайындау үшін аса маңызды. Нұсқаушы жауынгердің кәсібилігі, жауынгерлік дайындығы мен тәртібінің негізін қалыптастыратын тұлға болып табылады. Оның шеберлігі бүкіл әскердің оқу жүйесінің тиімділігіне әсер етеді. Сондықтан ортақ талаптарды қамтамасыз ете отырып, оқу үдерісін жетілдіру бағытында жұмыс істеу маңызды" Қазақстан Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев

Сабақтар теориялық бөлімді, оқу-жаттығу алаңындағы практикалық дайындықты және көрсетілімдік іс-шараларды қамтыды. Заманауи оқу технологияларын енгізуге, жаттығу процесінің сапасын арттыруға және бөлімшелердегі әдістемелік талаптарды біріздендіруге ерекше назар аударылды.

Нұсқаушылар жауынгерлік, атыс және тактикалық дайындық, әскери педагогика мен сабақ өткізу әдістемесі бойынша кешенді оқытудан өтті. Ұйымдастырушылардың бағалауынша, олар өздерінің жоғары кәсіби деңгейін растап, бөлімшелерде жауынгерлік даярлықты ұйымдастыруға толық дайын екендіктерін көрсетті.
