9 елден келген 127 компания тұтыну тауарларының әлемдік жаңашылдықтарын ұсынды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Алматыда NFA EXPO-2025 тұтыну тауарларының 4-ші халықаралық көрмесі ашылды. Биыл 9 елден 127 компания қатысады, олардың ішінде Қазақстан, Қытай, Италия, Түркия, Ресей, Беларусь, Украина, Латвия және Өзбекстан өндірушілері бар.

Қатысушылар тауарлар мен технологиялардың кең желісін ұсынды. Стендтерде микробқа қарсы қасиеттері бар қауіпсіз тағамдық термопластикадан жасалған кәсіби кесу тақталарын, Қытай мен Еуропа өндірушілерінің премиум тұрмыстық химиясын, тот баспайтын болаттан жасалған өткір және ұзаққа созылатын ас үй пышақтарының коллекциясын, халықаралық сертификатталған кәсіпорындарда жасалған заманауи ас үй құрылғыларын көруге болады.
Келушілер Пәкістан мен Үндістаннан әкелінген аюрведиялық өнімдермен; Украинаның Хмельницкий қаласынан жеткізілген тұрмыстық химиямен; кәсіби ыдыс-аяқтан бастап құрал-жабдықтар мен қызмет көрсету элементтері, яғни HoReCa – ға арналған кешенді шешімдермен танысты. Сондай-ақ Көрмеде өсімдік негізіндегі компоненттерден жасалған диеталық қоспалардың жаңа буыны, жоғары эстетикасы мен сапасымен ерекшеленетін Гуанчжоу өндірушілері әкелген шыны ыдыстары мен қаптамалар топтамалары көрсетілуде.
Көрменің жұмысын Қазақстан Республикасының сауда және интеграция бірінші вице-министрі ашты. Айжан Бижанова экспозициямен танысып, халықаралық және қазақстандық өндірушілердің бірқатар стендтерін аралады.

«NFA Expo-2025 еларалық сауда ынтымақтастығын күшейтеді, шикізаттық емес экспортты дамытуды қолдайды және отандық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда. Өндірушілерге ыңғайлы болу үшін «Бір терезе» сандық платформасы құрылды. Ол отандық тауар өндірушілердің тізілімімен интеграцияланатын болады, бұл өнімнің нарыққа ашық және жедел қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, қазақстандық азық-түлік және азық-түлік емес тауарларға сөре кеңістігінің кемінде 30%-ын бөлу талабы заңнамалық тұрғыдан бекітілгенін еске салғым келеді. Бұл нормалар сауданың барлық форматтарына — ірі желілерден бастап үйдегі дүкендерге дейін қолданылады», - деп атап өтті Қазақстан Республикасының сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова.

«Биыл NFA Expo көрмемізде тауарлардың барынша кең спектрі ұсынылған: үйге арналған заттар, заманауи ас үй ыдыстары, тұрмыстық техника, косметика және парфюмерия, тазалауға арналған өнімдер, балалар тауарлары, интерьер шешімдері, мерекелік өнімдер, демалыс және саяжай тауарлары, сондай-ақ HoReCa үшін кәсіби желі. Көрменің жаңа бағыты Retail Tech бөлімі, онда қатысушылар бөлшек саудаға арналған IT-қызметтерді, технологиялық жабдықтар мен цифрлық құралдар ұсынуда», - деп атап өтті Көрме директоры Жанар Әбілова.
Қытайдың ұлттық экспозициясы айтарлықтай назар аударуда. Қатысушылар қатарында Гуанчжоу, Чжэцзян, Гуандун, Шандун, Цзянсу және Сычуан провинцияларынан келген жетекші өнеркәсіптік-технологиялық компаниялар бар.

NFA Expo-2025 көрмесінің басты тақырыптарының бірі компаниялардың жеке сауда белгілерін дамыту болды. Компаниялардың жартысынан көбі бөлшек саудагерлерге private label келісімшарттарын ұсынуда. NielsenIQ деректеріне сәйкес, Қазақстандағы ЖСБ үлесі соңғы үш жылда екі есеге жуық өсті, ал сатып алушылардың 60 пайыздан астамы осындай тауарларды айына кемінде бір рет сатып алады екен. Бұл желілердің өз өндірісі сапалы және қолжетімді тауарлар желісіне айналып келе жатқанын растайды.

Сондай-ақ, Көрменің бірінші күні Байер бағдарламасының белсенді жұмысымен басталды. Сатып алушылар мен сауда желілерінің өкілдері-олардың ішінде Magnum, Small, Anvar, Toimart, Airba Fresh, Korzinka, Wildberries, Flip.kz, Fix Price, bi1, Globus және басқалары – жеткізушілермен келіссөздер жүргізді, ынтымақтастық шарттары мен жаңа маусымның ассортиментін талқылады. Консультациялық орталығында өндірушілер сертификаттау, орау, логистика, шикізат шешімдері және экспорттық мүмкіндіктер бойынша кеңестер алуда.

Үш күн ішінде NFA Expo-2025-те бренд презентациялары, жаңа өнімдер көрсетілімдері, келіссөздер, шеберханалар және сала мамандарының кездесулері өтеді. Көрме өз жұмысын 28 қарашаға дейін жалғастырады.

NFA Expo-2025 Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің және «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының қолдауымен өтуде.