Құқықтық мәдениет сабақтарын енгізу оқушылар арасындағы жасырын тәуекелдерді анықтады

979
Фотосурет: freepik.com

Алматы облысында «Заң және тәртіп» жобасы аясында жасөспірімдердің жағдайына жүргізілген талдау олардың ең осал тұстарын көрсетті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жаңа оқу жылынан бастап Алматы облысының Талғар ауданындағы мектептер мен колледждерде құқықтық мәдениет сабақтары пилоттық режимде оқытылуда. Жоба Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп» бастамасы аясында іске асырылып, 10 мектеп пен үш колледждегі 9 мыңнан астам оқушыны қамтиды. Пилот шеңберінде жасөспірімдердің әлеуметтік-эмоционалдық ахуалына диагностика жүргізілді.

Зерттеу нәтижелері тәуекелдердің барлық жас топтарында кездесетінін, алайда олардың деңгейі әртүрлі екенін көрсетті. Ең жоғары осалдық 7–8 сынып оқушыларында байқалды, бұл топтағы эмоционалдық күйзеліс деңгейі 7,11%-ды құрады. 9–10 сыныптарда жағдай біршама жақсырақ, бірақ 7,24% деңгейіндегі эмоционалдық ахуал бұл топқа да арнайы назар қажет екенін көрсетеді. Ал колледж студенттері арасында әлеуметтік-эмоционалдық тұрақсыздықтың ең жоғары деңгейі 8,69% болып тіркелді. Бұл олардың қосымша психологиялық қолдауды қажет ететінін айқындайды.

«Алынған деректер құқықтық мәдениет сабақтарын жетілдіруге, қолдау шараларын айқындауға және құқықбұзушылықтың, зорлық-зомбылықтың, агрессияның және басқа да тәуекелдердің алдын алуға бағытталған тиімді жүйе құруға негіз болады. Пилоттық жоба мектептер мен колледждерде қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді», — деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Бағдарлама 36 сабақтан тұрады. Әр жас тобына өмірлік жағдайлар мен құқықтық кейстерге негізделген тоғыз тақырыптық сабақ әзірленген. Олар оқу жылының бірінші және үшінші тоқсандарында екі аптада бір рет өткізіледі.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -