Ұлттық ұланның өнерлі жұлдызы

814
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Ұлттық ұлан ән-би ансамблінің көрнекті солисті Ғайни Жұмашева өзінің жеке шығармашылық кешін өткізді.

ҚР мәдениет саласының үздігі, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты  дебюттік концертін « Елім-ай» деп атады. Бұл концерт өнерпаздың көпжылдық еңбегі мен Ұлттық ұлан құрамында көрсеткен ұлттық өнерге деген адалдығын айқын көрсеткен ерекше мәдени шара болды. Жүрекке жылы әсер қалдырған концерттен соң біз әншімен жүздесіп, оның өнер жолындағы ең қызық сәттері мен жеке шығармашылығы туралы әңгіме өрбіттік.

– Ғайни ханым, сізді әнші ретінде шабыттандырған не нәрсе болды?

– Шабыттың алғашқы нұры ең алдымен өз отбасымнан басталды деуге болады. Нағашы жұртым өнерлі, сол қасиет бізге де дарыған сияқты. Біз он балалы үлкен әулетпіз, мен тоғызыншы баламын. Бауырларым әртүрлі салада жүрсе де, бәріміздің бойымызда әнге деген ерекше бір жақындық бар. Өнерге кәсіби түрде келген төртеуміз: бірі-музыка пәнінің мұғалімі, бірі-қобызшы болса, бірі- домбырашы. Ал мен солист ретінде сахнада ән шырқаймын. Қалған бауырларым да той домалақта ән салса жұртты өз ауыздарына қаратады.

Сол бойымдағы қасиет пе, дарын ба сахнаға махаббатымды ерте оятты. Бірінші сыныптан бастап түрлі іс-шараларда өнер көрсетіп жүрдім. Сол кезде-ақ сахнаның жарығы, қобалжу мен қуаныш аралас сезім ерекше әсер етіп, мені өзіне тартып тұратын.  Сахнаға шыққан сайын ләззат алатынмын. Сол қалау іштей бала арман болып қалыптасқан тәрізді. Ал отбасым әрдайым өнерімді қолдап, қайда барсам да рухани тірегім болды. Ән айтсам бәрі тына қалып тыңдайтын. Сол қолдау мені алға жетеледі.

Мен бірден кәсіби ортаға түстім. Мектеп бітіре сала Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің музыкалық факультетіне оқуға түсіп, әншілікті жетік деңгейде меңгере бастадым. Колледжде білім алып жүріп, «Алатау» ән-би Ансамблінің солисі ретінде тәжірибе жинадым. Осылайша, өнерімді шыңдап жүріп түрлі байқаулар да бақ сынап, қоржынымды жүлдеге толтырдым. Алғашқы ауқымды конкурстарымның бірі Superstar.kz жобасы. 800 адамнан іріктелген 12 әншінің қатарынан табылғанда іштей сенімім нығая түсті. Кейін Республикалық «Арай», «Жас қанат» сынды жарыстардың да алды болдым. Қырымда өткен «Восточный базар» халықаралық байқауында да бағымды сынап, лауреат атандым.

 Барынша бір орында тұрып қалмай конкурстан конкурсқа қатыса бердім. Үнемі шығармашылығымды шыңдап отырдым деуге болады.

– Шығармашылық жолыңыз айқындалған сәттен кейін сіз әскери ортаға да қадам басқан екенсіз. Осы тақырыпқа ойыссақ. Ұлттық ұлан ән-би ансамбліне қосылу туралы шешімді қалай қабылдадыңыз?

– Бұл да қызық...  Таразда оқуымды оқып жүрген кезім. Ол уақытта қаламызда әскери бөлімшелер ашылып, біз жиі сол жерге барып концерт қоятынбыз. Әскери киім киюге іштей қызығушылығым сол кезде ашылғандай. Әсіресе әскери киім киген қыздарды көргенде ерекше бір құрметпен қарайтынмын. Құдайдың құдіреті... 2005 жылы барлық жастар секілді арман қуып, Астана қаласына ат басын бұрдым. Бас қалада Мемлекеттік филармонияға қызметке қабылданып, түрлі іс-шараларда бой көрсетіп жүрген кезім. Бір күні сол кездегі Ішкі әскерге іссапармен, яғни концерттік бағдарламамен бардық. Сол сәтте ансамбль  жетекшісі полковник Рахметжан Шамұратов ағамыз мені байқап қалып, Ұлттық ұланның ән-би ансамбліне қосылуға ұсыныс жасады. Бұл ұсыныс күтпеген жерден болғаны рас. Өте жауапты шешім болғандықтан, бірден қабылдауға батылым жетпеді. Себебі филармониядағы еркіндік, конкурстарға қатысу- бәрі менің жан дүниеме жақын еді. Сол үшін шамамен бір жылдай ойланып-толғанып, жүрегімнің не қалайтынын тыңдаумен болдым.

Уақыт өте келе әскери форма мен әскери тәртіпке деген қызығушылығым бұрынғыдан да күшейе түсті. Бір мезетте іштей сезім осы ортаға жетеледі. Осылайша бастапқыда жарты ставкада әнші болып қызметімді бастадым. Мемлекеттік филармония мен Ішкі әскердің екі ортасында жүріп, күн-түн демей еңбек еттім. Бірақ 2011 жылдың қарашасында ресми бұйрықпен толыққанды әскери қызметке өттім. Қазіргі Ұлттық ұлан, сол кездегі Ішкі әскер қатарына кіші сержант болып орналастым. Алғаш келген кез оңай болған жоқ. Филармониядағыдай қалаған уақытта жұмысқа бару, өз ырғағыңмен жүру мұнда жоқ. Әскери орта, қатаң тәртіп, сап, режим.  Жаңа өмірге бейімделу үшін бір жарым жылдай уақытым кетті. Бірақ бұл жолда мен өзімнің мінезімді шыңдап, төзімділігімді қалыптастырдым.

Өмірімнің маңызды кезеңдері-тұрмыс құру, ана атану осы ортада өтті. Сондықтан Ұлттық ұланның Ән-би ансамблі мен үшін жұмыс орны емес, өмірімнің  ажырамас бөлігіне айналды.

– Ұжымдағы миссияңыз бен жеке өміріңізді қалай үйлестіре алдыңыз?

- Ұлттық ұланның ән-би ансамблі бұл жай ғана шығармашылық ұжым емес, әскери құрылымның рухани жүрегі. Біз қай жерде өнер көрсетсек те сарбаздарға рух беріп, халыққа әскери қызметтің абыройын жеткізуге тырысамыз. Ән арқылы патриоттық сезім оянып, ұлттық болмысты көрсеткіміз келеді. Сол себепті мен үшін бұл ансамблде қызмет ету үлкен мәртебе. Бұл жерде тек әнші ретінде емес, адам ретінде де биіктедім. Мен кәсіби де, рухани да тәрбиеленген орта. Ансамбль уақыт өте менің екінші отбасыма айналды. Мұнда бір-бірімізді сөзсіз көзқарас пен ұғынысатын күнге жеттік. Бұл ұжым жүрегіме қатты жақын. Ансамбль құрамында жүріп қаншама мерекелік іс-шараларда, мемлекеттік деңгейдегі концерттерде, патриоттық іс-шараларда өнер көрсету бұйырды. Әрбір сахнаға шығып ән шырқау-мен үшін үлкен абырой.

Кеше ғана мектеп табалдырығын аяқтап, музыкалық білім алу үшін студент атанып жатқан уақыт сияқты еді, міне, бүгін Ұлттық ұланның қатарында қызмет етіп жүргеніме он бес жылға жуықтапты. Мен қызмет атқарған уақытта үш жетекшімен қызметтес болыппын. Қазіргі таңда капитан Алпамыс Асылбекұлымен тығыз қарым-қатынаста, ұйымшылдықпен, бір үйдің жанұясындай қызмет етудеміз

Әрине, жылдар бойы түрлі ұсыныстар мен шақыртулар түсуде. Бірақ жүрегім ешқайсысына  бұрылмапты. Себебі мен өзімді осы формада, осы ұжымның ортасында өзімді толық сезінемін. Бұл жерде менің өнерім де, өмірім де, достарым да, ең бастысы – өз миссиям бар.

- Жақында өткен алғашқы жеке концертіңіз туралы айтып берсеңіз. Жалпы жеке шығармашылық концерт беру қай кезден жоспарыңызда жүрді?

- Жеке шығармашылық кеш өткізуді мен бірнеше жыл бұрын, шамамен екі -үш жыл бұрын ойланыстырып қойған едім. Іштей дайындалып та жүрдім, сондықтан концертке екі апта қалғанда хабарландыру бердім. Жақында Тәуелсіздік күні. Сол мерекеге орай ұйымдастыруды ойлағанда бұл шараны өткізуге ерекше құлшыныс пайда болды. Елге деген құрметтен кештің атауында ерекше мағынамен-«Елім-ай» деп  атадым. Репертуарым әр түрлі жанр мен тақырыпты қамтыды: патриоттық әндер мен лирикалық туындылар. Сол арқылы әр тыңдарман өзіне жақын дүниені сезді деп ойлаймын.

Сахнада қанша жыл өнер көрсетсем де, сахна алдында қобалжу, уайымдау сезімі басым болды. «Халықтың көңілінен шыға ма екен?» «Әнді өз ырғағында дүйім жұртқа жеткізе аламын ба?» деген сұрақ жүрді ойымда. Оның үстіне концерттің ең басты аспектісі оркестр болды. Тірі сүйемелдеумен ән айту - өте күрделі процесс. Нотаға дәл түсу, нотадан ауытқымау деген сынды. Сондықтан оркестрмен дайындыққа көп көңіл бөлінді. Әндерді орындаудағы берілген сезім мен оны халыққа жеткізу басты мақсат болды.

Бұл кеште де әріптестерім қасымнан табылып, бірге өнер көрсетті. Сахна төрінде Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің және Үлгілі-көрсетімді оркестрі тікелей сүйемелдеу жасап, ансамбльдің көркемдік жетекшісі капитан Алпамыс Асылбек дирижерлық етті. Сондай-ақ ансамбльдің ерлер хоры арнайы келіп, әншімен бірге ортақ әндер орындады. Ансамбльдің кәсіби бишілері де өз өнерін ұсынып, кештің көркін аша білді. Ал Құрмет қарауыл ротасының саптық-қол қаруымен жасаған дефилесі көрерменнің ерекше қошеметіне бөленді.  Өнердегі әріптестерім DI ART триосы, Дана Жарас, Мұратбек Хайролла, Алтынай Тастанова да  сахнаға шығып, қолдауларын білдірді.

Концерттің ең есте қалатын сәттерінің бірі  гитарист әріптесім Андрейдің сүйемелдеуімен орындалған Іңкәрім ай әні болды. Көрермен өлеңге қосылып, зал ерекше бір бірлікте, қуаныш пен эмоцияға бөленгендей болды. Бұл сәт мені ерекше шабыттандырды. 

Өзім үшін бұл концерт жан-жақты өтті. Әрбір әнді жанды дауыста орындап, өзімнің шығармашылығымды барынша ашуға тырыстым. Бастапқы ниетіме жеттім деп те ойлаймын. Сахнада өзімді шынайы, әр көрерменге өз энергиямды жеткізуге тырыстым.

Концерттен кейін мен үшін тағы бір есте қаларлық сәт Ұлттық ұлан Бас қолбасшы генерал-майор Аңсаған Балтабековтың атынан алғыс хат пен ықылас гүлін алуым болды. Мұны көріп, өзімнің өнерім мен еңбегімнің бағаланғанын сезіндім. Мені қолдап келген жақындарыма, өнерсүйер қауымға алғысым зор.

- Сахнадағы жетістіктеріңізден бөлек, сізді тұлға ретінде сипаттайтын басты қасиет қайсы?  Басты құндылықтарыңыз қандай?

- Мен үшін ең үлкен құндылық-отбасым. Қай істі бастасам да, қандай саханаға шықсам да, менің арқа сүйерім, қолдаушым, қуанышым-отбасым. Әрқашан қасымнан табылып, демеу болып, бір сөзбен айтқанда, жанымды жылытып жүретін ер азаматым бар. Ол мені еркелетіп, әр жетістігіме бірге қуанатын ең жақын серігім. Ұлым да өмірімнің жарығы, ең үлкен мотивациям.

Сол себепті мен қай уақытта да отбасымды бірінші орынға қоямын. Өйткені олардың махаббаты мен сенімі- менің өмірімдегі ең мызғымас тірек.

Ал одан кейін барып, өнерім, қызметім, шығармашылық жолым. Өнер-менің жан дүнием, өзіме аманат еткен үлкен жауапкершілік.

Менің ойымша, адамға берілген өнер бөліскен сайын мағынасы арта түсетін рухани қазына. Іштегі қабілетті жарыққа шығару, оны халыққа жеткізу-адамның өз табиғатын, болмысын танығаны. Өнер Жаратқанның әр адамға ерекше өлшеп берген сыйы, аманаты. Оны ішке бүгіп жарыққа шығармай жүрсең сол аманаттың бағасын түсіріп алғанмен тең. Талант тек өзің үшін емес, сен арқылы басқаның жүрегіне жету үшін беріледі деп білемін. Мен үшін өнерді паш ету өмірімнің бір мәні, халқыммен байланысудың ең шынайы жолы.

-   Иә, өмір жолыңыз да, өнер жолыңыз да өте бай, ерекше сәттерге толы болған екен. Болашақта қандай жаңа жобаларға немесе шығармашылық жоспарларға бет бұруды ойлап жүрсіз?

- Мен бұл концертпен тоқтап қалғым келмейді. Алдағы уақытта бұдан да үлкен сахнаға шығып, Ұлттық ұлан Ән-би ансамблімен өнер көрсету ойымызда бар. Бір-екі әнім жаңа әнім дайын, енді оларды толықтай өңдеп, жарыққа шығарсам деймін. Сонымен қатар, зейнетке шығуыма да бір жылдай уақыт қалды. Сол уақыт ішінде қызметімді абыроймен, ізгі істеріммен аяқтағым келеді.

Сөз соңында  Ұлттық ұланның басшылығы мен жеке құрамына өз атымнан алғыс айтамын. Үнемі қолдау танытып отыратын ұландықтарға бас иемін. Сондай-ақ әскери өнер жолында бірге жүрген барлық әріптестеріме шын жүректен рахметімді айтамын. Сіздердің сенімдеріңіз бен қолдауларыңыз мен үшін үлкен күш, әрдайым шабыттандыратын тірек болды.

– Сүбелі сұхбатыңызға рахмет! Сізге шығармашылық табыс тілемйіз!

Жанерке МҰРАТҚЫЗЫ

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -