Ұлттық ұлан академиясында тәрбие мен тәртіпке бағытталған кездесулер өтуде

1804
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Ағымдағы жылдың 26 қарашасынан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясында оқу батальондарының курсанттарына арналған ардагерлермен кездесу-дәрістер топтамасы өз бастауын алды. Бұл игі бастама – жас ұрпақтың жүрегіне патриоттық рух дарытып, болашақ офицерлердің бойында әскери мәдениет пен абыройлы қызметке адалдықты қалыптастыруды мақсат еткен рухани мәні зор шара.

Кездесу барысы – тек тәжірибелі ардагерлердің өмірлік жолымен танысу ғана емес, сонымен бірге заңға құрмет, әскери тәртіпті сақтау, жауапкершілік пен офицерлік этиканы терең түсіндіретін тағылымды сабақ. Қызметтің қыр-сырын көрген, талай сынақтан сүрінбей өткен ардагерлердің әрбір сөзі курсанттар үшін өнеге, бағыт-бағдар, ертеңгі озат офицер бейнесін қалыптастыратын құнды тәрбие мектебі болып отыр. Академияның бай тарихында өз қолтаңбасын қалдырған, өмірін әскери қызметке арнаған тәжірибелі ардагерлер бүгінгі курсанттармен жүзбе-жүз кездесіп, әскери өмірдің қыр-сырын, қызметтік әдебі мен жауынгерлік мәдениетінің негізгі қағидаларын түсіндіруде.

Кездесудің шымылдығын отставкадағы майор Иманбаева Римма Робертовнаның дәрісімен ашылды. Қазіргі жастардың сөйлеу мәдениеті, өзара қарым-қатынас әдебі және әскери ортадағы тіл тазалығы туралы әсерлі баяндама жасап, курсанттарға өмірлік тәжірибесімен бөлісті.

«Әскери адам ең алдымен – мәдениетті адам. Сіздің сөзіңіз сіздің абыройыңыз. Командирдің әрбір айтқан сөзі сенімді, анық әрі әдепті болуы керек. Тәртіп – тілден басталады, ал тіл – адамның болмысы», – деп курсанттарға үлкен әсер қалдырды.

Маңызды шараны жалғастырып өз ойлары және тәжірибелерімен отставкадағы полковниктер қатарында Митяев Александр Ильич, Дүйсембек Шахманұлы Ельжанов, Болат Ташимович Қожахметов және Садырбек Құрмашұлы Туйбаев маңызды тақырыптар төңірегінде сөз қозғап, болашақ офицерлерді ойландырған сұрақтарына жауап берді.

Ардагерлер жеке құрамды басқару әдебі, моральдық-психологиялық ахуалды сақтау, ұжымдағы жанжалдардың алдын алу, командирдің жауапкершілігі мен офицерлік ар-намыс кодексінің мәнін кеңінен ашып көрсетті.

Ұлттық ұланның басты құндылығы – тәртіп пен заңдылық. Сондықтан мұндай кездесулер жастарды құқықтық мәдениетке, жарғылық талаптарды бұлжытпай орындауға, әскери ортадағы заң және тәртіп қағидаттарын терең түсінуге тәрбиелейді.

Академия ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы полковник Қожахметов Болат кездесулердің маңызын ерекше атап өтті:

«Ардагердің әрбір айтқан сөзі — тәжірибемен өлшенген ақиқат. Біз курсанттарға тек әскери білім емес, ең бастысы – офицерлік мінез, елге адалдық, жарғыға бағыну және жауынгерлік рухты дарытқымыз келеді. Заң мен тәртіпке бас иген әскери ғана Отанына қалтқысыз қызмет ете алады», – деді ол.

Ардагерлердің ақыл-кеңестеріне құлақ түрген жас курсанттар өздеріне үлкен мотивация алып, қызметке деген көзқарастарының тереңдегенін атап өтті. Әңгіме барысында айтылған тәжірибелік мысалдар, әскери өмірдегі нақты жағдайлар, заң мен тәртіпке қатысты түсіндірмелер болашақ офицерлердің дүниетанымын кеңейтіп, дұрыс бағыт қалыптастыруға ықпал етті. Академия қабырғасында өткен бұндай кездесулер — офицерлік тәрбие мектебінің ажырамас бөлігі. Ардагерлердің өнегелі сөздері курсанттар үшін рух беретін темірқазық болып, елге қызмет етудің маңызын одан әрі жандандыра түсті.

Лейтенант Маржан Т.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -