Әдебиет әлеміндегі: Әбіл-Серік Әбілқасымұлының жаңа кітаптарының тұсаукесер рәсімі өткізілді

1463
Фотосурет: «Ауыл» партиясы Абай облысы бойынша өңірлік филиалының баспасөз қызметі

Киелі Семей шаһарында, қарашаның 28 күні, «Абай атындағы әмбебап кітапханасында» Құнанбай қажы атындағы «Алаш» аудармашылар одағының Директоры,  Филология  ғылымдарының магистрі, журналист, кәсіби аудармашы, салыстырмалы әдебиеттану теоретигі және терминтанушы Әліәкбар Әбіл-Серік Әбілқасымұлының Әдебиеттану мен Мәшһүртану салалары және тағы басқа да  әдеби-ғылыми, аударма еңбектеріне арналған 9 жаңа кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Шараға  әдебиет пен ғылым саласының белгілі өкілдері, оқытушылар қауымы, студенттер және жалпы шығармашылықтағы тұлғалар қатысты. Қатысушылар,  автордың еңбектерінің қазақ ғылымы мен руханияты үшін маңызын атап өтіп, олардың қазіргі әдебиеттану және аударматану бағыттарына қосқан үлесіне тоқталды.

Мәдениет жанашыры, әнші әрі жыршы Құсмілия Жырғалұлы Нұрқасым әдебиеттің рухани құндылықтарды қалыптастырудағы рөлі туралы сөз қозғап, жас қаламгерлерге үлгі боларлық еңбектердің жарыққа шығуы – қуанышты құбылыс екенін жеткізді.

«Әлихан Бөкейханов университетінің» профессоры Сейітова Шынар Ботайқызы автордың ғылыми ізденістерінің тереңдігін, еңбектерінің әдебиеттану ғылымына қосқан елеулі үлесін атап өтті.

Шараға арнайы қатысқан «Ауыл» партиясы Абай облысы бойынша өңірлік филиалының төрағасы Смағұлов Қайрат Қанатұлы тіл мен мәдениетті дамытудағы бұл кітаптардың маңызын тілге тиек етіп, авторға арнайы партия атынан  «Алғыс хат» табыстап, тұсаукесер рәсіммен құттықтай келе, «30 жыл шығармашылық жолдағы» мәртебелі еңбектің еленуін, сондай-ақ, болашақта,  "Мәдениет саласына қосқан үлесі үшін" марапатқа ұсыну туралы ұсыныс білдіретінін алға тартты.

Тұсаукесерге қатысқан «Семей Медициналық колледжі» мен «Шәкәрім жоғары колледжінің» студенттері жаңа айтулы әдеби еңбектермен танысып, авторға өздерінің сұрақтарын қойып, еркін ой-пікірлерімен бөлісті.

Жастардың  ғылыми қызығушылығын арттырған мұндай ауандағы кездесудің қатысушылар үшін тағылымдық мәні зор екенін айта кету керек.

Аталған әдеби іс-шара, жаңа ғылыми бағыттармен таныстырып, әдебиет пен мәдениеттің өзара сабақтастығын айқындаған мағыналы жиын ретінде есте қалды

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -