ЮНИСЕФ-тің қайырымдылық Гала-кешінде 283 млн теңге жиналды.
Бұл қаражат жасөспірімдердің психикалық денсаулығын қолдау мен нығайтудың ұлттық жүйесін дамытуға бағытталады.
28 қарашада Алматыда «Dreams Without Borders» атты ЮНИСЕФ-тің Гала-кеші өтті. Шара барысында Қазақстан үшін өзектілігі өте жоғары бағыт — жасөспірімдердің менталды (психикалық) денсаулығын қолдау мен нығайтудың ұлттық жүйесін дамыту үшін 283 миллион теңге жиналды.
The Ritz-Carlton, Almaty қонақүйімен бірлесіп ұйымдастырылған бұл шара бір жыл бұрын Астанада бастау алған игі дәстүрдің жалғасы болды. Естеріңізге сала кетейік, ЮНИСЕФ-тің алғашқы Гала-кешінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды цифрлық инклюзиямен қамту бағдарламасы үшін 92 миллион теңге жиналған болатын. 2024 жылы бұл қолдау нақты нәтижеге айналып, арнайы жабдықтар мен бейімдеу құрылғылары жеткізілді, мыңнан астам педагог оқытылып, екі мың бала үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды.
Қаражат қайда жұмсалады?
Алматыда жиналған 283 млн теңге жасөспірімдердің менталды денсаулығын қолдау жөніндегі ұлттық бағдарламаны кеңейтуге қосылған елеулі үлес болмақ. Жобалық есептеулерге сәйкес, бұл бағдарлама білім беру және денсаулық сақтау жүйесінің 50 500 маманын оқытуға және ел бойынша 140 000 жасөспірімді қамтуға мүмкіндік береді. Психологиялық қиындықтарға тап болған 10 000-ға жуық жасөспірім жеке немесе топтық терапия сессияларына қатысып, білікті мамандардан құпия түрде қолдау ала алады.
Суретті түсірген: @UNICEFKazakhstan/2025/SultanArchakov
Бағдарлама әлеуметтік-эмоционалдық оқытудың мектептік курсын, сондай-ақ қауіпті мінез-құлық пен алаңдатарлық белгілерді ерте анықтау құралдарын қамтитын дәлелді әдістемелерге негізделген. Олардың тиімділігі халықаралық зерттеулермен расталған және психикалық денсаулық саласындағы шаралар арасында инвестиция қайтарымының ең жоғары көрсеткіштерінің бірін көрсетеді.
«Біз бір жылдық қана шешім ұсынып отырған жоқпыз. Әңгіме Қазақстанда жасөспірімдерді қолдаудың толыққанды инфрақұрылымын — алаңдатарлық белгілерді ерте анықтаудан бастап мамандандырылған көмекке дейінгі жүйелі тәсілді құру туралы болып отыр. Бала саны ең тығыз орналасқан аймақтарды қамту мақсатында бағдарлама үш басым өңірде: Алматы, Шымкент қалаларында және Түркістан облысында жүзеге асырылады. Ауылдық жерлерге де ерекше назар аударылады», — деп атап өтті ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Өкілі д-р Рашед Мұстафа Сарвар.
Бұл неге маңызды: қысқаша статистика
Сарапшылардың бағалауынша, әлемдегі жасөспірімдердің 13%-дан астамы диагноз қойылған психикалық аурумен өмір сүреді, ал суицид 15–29 жас аралығындағы жастар өлімінің себептері арасында үшінші орында тұр. Қазақстан 15–34 жас аралығындағы жастар арасында өзіне зиян келтіру мен суицид өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі саналатын елдер қатарына кіреді.
Қазақстандағы деректер соңғы жылдары жасөспірімдер суицидінің деңгейі төмендегенін көрсеткенімен, қалалық және ауылдық жерлер арасындағы айырмашылық айтарлықтай болып қалуда: ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 2,2 есе (10-14 жас) және 1,8 есе (15-19 жас) жоғары. Сонымен қатар, жасөспірімдердің суицидалды мінез-құлқының 90%-ға дейінгі жағдайлары психикалық денсаулық мәселелерімен байланысты және уақтылы көмекті қажет етеді.
Аукцион және лоттар
Кештің ең жарқын сәттерінің бірі қайырымдылық аукционы болды. Негізгі лоттардың қатарында Қазақстан Теннис Федерациясы ұсынған Елена Рыбакинаның қолтаңбасы бар формасы, ракеткасы мен добы, Димаш Құдайбергеннің жеке қолы қойылған домбырасы, сирек кездесетін өнер туындылары, дизайнерлік әшекейлер және өзіндік тарихы бар бірегей бұйымдар болды.
Суретті түсірген: @UNICEFKazakhstan/2025/AibekMurati
Лоттарды ұсынғандар: Бибігүл Төлегенова, Рахимбаевтар отбасы, Нурлан Смагулов, Қайрат Боранбаев, Жанна Кан, Zhanykulov Foundation, ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеті, Испанияның Қазақстан Республикасындағы Елшілігі, Алпысбай Қазғұлов, Бауыржан Сагиев, BonArt аукцион үйі, FARRO зергерлік үйі, Viled Group – GRAFF зергерлік үйі, Анара Абжанова және Jimmy Choo бренді.
Кеш бағдарламасы
ЮНИСЕФ барлық әртістердің кешті pro bono (ақысыз) негізде қолдап, шараның гуманитарлық миссиясын күшейткенін ерекше атап өтті. Қонақтар алдында Қазақстандағы ең танымал жас әртістердің бірі және ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Ұлттық ізгі ниет елшісі ALEM; халықаралық вокал байқауларының лауреаты, қазақстандық әнші Алекс Лим; сондай-ақ арнайы аспаптық бағдарлама дайындаған TYNDА MUSIC өнер көрсетті. Сондай-ақ сахнаға Forbes «30 under 30» рейтингіне енген әлемдік деңгейдегі опера әншісі Мария Мудряк; «Adagio» шығармасын орындауы кештің ең тебіреністі сәттерінің біріне айналған Қазақстанның халық әртісі Майра Мұхамедқызы; және Тәжікстаннан келген жарқын жас орындаушы Мехрнигор Рустам шықты. Аты аңызға айналған A’Studio тобының мүшелері Байғали Серкебаев пен Владимир Миклошич, сондай-ақ топтың танымал хиттерін орындаған The Jigits ұжымы, жас әнші YERNAZAR және композитор Ренат Гайсин кешке ерекше атмосфера сыйлады.
Суретті түсірген:@UNICEFKazakhstan/2025/SultanArchakov
Кештің жүргізушілері ретінде Серік Акишев пен белгілі журналист, қоғам қайраткері және UNICEF Friend — екінші жыл қатарынан Балалар қорының бастамаларын қолдап келе жатқан Динара Жаныкул өтеусіз негізде қызмет етті.
Суретті түсірген: @UNICEFKazakhstan/2025/AibekMurati
Серіктестер мен қолдау
Гала-кеш ірі және орта бизнес, шығармашылық сектор және медиа өкілдерінің басын қосты. Кешті ұйымдастыру мен дайындауға ЮНИСЕФ-тің Консультативтік кеңесінің мүшелері тікелей қатысты. Гала-кештің техникалық демеушісі — AV Service компаниясы. Шараға BI Group, Damiani, G&G, Lancaster Group, Almaly холдингі, Dinara Satzhan, Ketroy, Bayev Group, Show Screen, Hero’s Journey, Constella және Under Control қолдау көрсетті.
Ақпараттық қолдауды Creative City, MYD Production, Essentai Mall, Invictus фитнес-клубтары, Kinopark Group, Almaty International Airport, MEGA СОО желісі, Forbes Kazakhstan, Rixos Borovoe, St Regis Astana, Sheraton Astana, Курсив Медиа Қазақстан, «Kapital.kz» іскерлік ақпарат орталығы, «DKNews.kz» ХАА, Tatler Asia, WEproject.media, The Steppe, Mustafin Magazine, 98mag, Город 24 қамтамасыз етті.
*ЮНИСЕФ қандай да бір компанияны, брендті, өнімді немесе қызметті насихаттамайды.