Аудиттің маңызды қорытындылары: СҚО-да басшылар мен әкім орынбасарлары жауапкершілікке тартылды

682
Фотосурет: Gov

Жоғары аудиторлық палата жүргізген аудиттен кейін Солтүстік Қазақстан облысының бірқатар лауазымды адамы жауаптылыққа тартылды, деп хабарлайды DKNews.kz.


 
Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының, сондай-ақ жекелеген қалалар мен аудандар әкімдері аппараттарының лауазымды адамдары мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша тәртіптік жауаптылыққа тартылды. 

Жоғары аудиторлық палата биыл қазан айында Солтүстік Қазақстан облысына бөлінген бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің қаншалықты тиімді пайдаланылып жатқанын тексерді. Нәтижесінде заңнама, бюджет нормалары және ішкі регламенттеуші құжаттарды орындауда бұзушылықтар анықталды. 

Осыған байланысты өңір әкіміне, сондай-ақ Петропавл және Сергеевка қалаларының, Айыртау, Уәлиханов, Ақжар және Тайынша аудандарының басшылығына бұзушылықтарға жол берген лауазымды адамдарды жауаптылыққа тарту тапсырылды. 

Нәтижесінде мына қызметкерлер әртүрлі тәртіптік жауаптылыққа тартылды:

  • Айыртау ауданының әкімі;
  • Петропавл қаласы әкімінің орынбасары;
  • Сергеевка қаласы әкімінің орынбасары;
  • облыс әкімдігінің Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары;
  • облыс әкімдігі Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары;
  • облыс әкімдігі Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары;
  • Петропавл қаласы әкімдігінің Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі;
  • Тайынша ауданы әкімдігінің Сәулет, құрылыс, ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы;
  • Айыртау және Уалиханов аудандары әкімдіктерінің Сәулет, құрылыс, ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушілері;
  • Ақжар ауданы әкімдігінің ТКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының м.а.

Сонымен қатар Жоғары аудиторлық палатаның тапсырмасы бойынша СҚО-да мемлекеттік аудит барысында анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді. Жоспарда облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын паспорттау да көзделген. 

Аудит қорытындылары бойынша берілген басқа да тапсырмалардың орындалуы бақылауда болады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -