Қазақстанда «интеллектуалды» есептеу құралдарын енгізу қалай жүзеге асады?
Қазақстанда коммуналдық инфрақұрылымның негізгі салалары — жылумен, электр энергиясымен және сумен қамтамасыз ету жүйелерінде әлі де шығындар көп және олардың технологиялық тиімділігі де төмен.
Атап айтқанда, президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту тұрақты дамудың негізгі факторы екенін ерекше атап өтті. Президент инфрақұрылымды жаңғырту, технологияларды енгізу, есептеу құралдарын қолдану және «ақылды» қалаларды құру маңызды екенін жеткізді.
«Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасында былай делінген: есептеу құрылғыларын енгізу тұрғын үй-коммуналдық сектор мен инфрақұрылымның тиімділігінің негізгі факторы болып табылады. Заманауи есептеу құралдары шығындарды бақылау, азайту, жүйенің ашықтығын қамтамасыз ету және саланың тұрақты жұмысы үшін шешуші рөл атқарады. Алайда қазіргі инфрақұрылым ескірген. Қолданыстағы есептеу жүйелері мен құрал-жабдықтардың бір бөлігі тозған, бұл шығындарды арттырып, бақылау тиімділігін төмендетеді.
Біз Қазақстандағы есептеу құралдарымен жабдықталу деңгейіне қатысты деректерді қарастырдық. ҚР Энергетика министрлігінің мәліметтері бойынша электр энергетикасы саласында жеке есептеу құралдары арқылы жабдықталу деңгейі 100%-ды құрайды, ал электр энергиясын коммерциялық есептеудің автоматтандырылған жүйесі (ЭЭКЕАЖ) бойынша бұл көрсеткіш 65%-ды құрайды.
Суық сумен жабдықтау саласында базалық табиғи монополиялар субъектілерінде (ТМС) жалпы үйге арналған есептеу құралдары бойынша жабдықталу деңгейі 79,9%-ды, ал жеке есептеу құралдары бойынша 86,8%-ды құрайды.
Айта кетерлігі, жалпы үйге арналған есептеу құралдарымен жабдықталу толық 100%-ға жеткен өңірлер — Алматы, Шымкент, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстары, ал жеке есептеу құралдарымен жабдықталу Шымкент пен Атырау облыстарында жоғары деңгейде тіркелген. Толығырақ мәліметтер кестеде берілген.
Естеріңізге салсақ, көпқабатты тұрғын үйлерді жалпы үйге арналған су және жылу есептеу құралдарымен жабдықтау тұрғындарға тек нақты тұтынылған ресурстар үшін төлем жасауға мүмкіндік беріп қана қоймай, бүкіл әлемдегі ғалымдар айтып жүрген үнемді тұтынуға қадам жасауға және президентіміз Тоқаев өз Жолдауында атап өткендей, тұтынушылардың шығынын азайтуға да септігін тигізеді.
Жылу мен судың шамадан тыс шығынына қарсы күрестен бөлек, жалпы үйге арналған есептеу құралдарының бірқатар артықшылығы бар. Мысалы, «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» Заңға сәйкес Қазақстанда есептеу құралдарын орнатқан тұтынушылар үшін тұтынылған жылу энергиясына ынталандырушы дифференциалды тарифтер қолданылады. Осылайша, коммуналдық қызметтерге кететін шығындар орта есеппен 30%-ға дейін азаюы мүмкін.
Аталған жылумен жабдықтау саласында базалық ТМС бойынша есептеу құралдарымен жабдықталу деңгейі 2024 жылы 74,1%-дан 2025 жылы 78,8%-ға дейін өсті. Бұл салада есептеу құралдарымен жабдықталу бойынша жоғары көрсеткіштер Астанада (99,9%), Батыс Қазақстан облысында (99,3%) және Алматыда (98,2%) байқалады.
Қорытындылайық, есептеу құралдарымен жабдықталудың артуы, «ақылды» технологиялар және заманауи есептеу құралдарын орнату тұрғындарға коммуналдық қызметтер үшін тек нақты тұтынылған қызметке төлем жасауға мүмкіндік береді, шығындарды ашық көрсетеді, бюджетті тиімді басқаруға көмектеседі және табиғи ресурстар мен коммуналдық игіліктерді үнемдеуге жағдай жасайды.
Есептеу құралдарымен жабдықталудың нақты жүйелі нәтижесі бар: ол заңсыз қосылуды болдырмайды, шығындарды азайтады және ресурстардың сенімді есептелуін қамтамасыз етеді. Деректерді автоматтандырылған жеткізу жолы қателіктер мен әділетсіз араласуды азайтып, тұтынушыларға өз тұтыну көлемін нақты түсінуге және үнемдеудің тиімді жолдарын анықтауға мүмкіндік береді. Жеткізушілер үшін бұл шығындарды дәл болжауға және оңтайландыруға арналған сенімді құрал болып табылады. Нәтижесінде есептеу құралдарымен жабдықталу коммуналдық инфрақұрылымның тұрақтылығын және сенімділігін күшейтеді.
Тағы бір айта кетерлігі, «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының аясында жүзеге асырылып жатқан кешенді цифрландыру бағдарламасы бойынша жаңғыртылатын және салынып жатқан инфрақұрылым нысандарын есептеу құралдарымен және электр энергиясы, жылу, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін автоматтандырылған есептеу жүйелерімен 100% жабдықтау көзделіп отыр.
Демек, жоба тұтынушылардың барлығын деректерді қашықтан беретін есептеу құралдарымен толық қамти отырып, автоматтандырылған есептеу және басқару жүйелерін (ЭЭКЕАЖ, ЖКЕАЖ, SCADA) енгізуге мүмкіндік береді. Телеметриялық құралдарға біркелкі талаптар қойылып, олардың өндірістен бастап тұтынуға дейін толық қосылуы қамтамасыз етіледі.
Есептеу жүйелері мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесімен, мемлекеттік энергетикалық тіркеумен, сондай-ақ EnergyTech пен WaterTech платформаларымен біріктіріліп, желілердің жай-күйін, жеткізілетін ресурстардың параметрлерін және инвестициялық бағдарламалардың орындалуын бақылауды қамтамасыз етеді. Біртұтас ТКШ платформасы аясында аудан және ауыл деңгейіне дейін қолжетімді болатын біртұтас төлем құжатын енгізу жоспарланып отыр, бұл төлем жасауды жеңілдетіп, қаражаттың ашық бөлінуін қамтамасыз етеді.
Жобаның соңғы сатысында электр энергиясы, жылу және сумен жабдықтау деректерін біріктіретін Smart Turmys ұлттық платформасы құрылмақ. Бұл платформа ресурстарды «ақылды» тұтынуға және басқаруға мүмкіндік беріп, шығындарды азайтып, коммуналдық сектордың тиімділігін арттырады.