Такси сапарларына деген сұраныс 19%-ға артқан
Яндекс Такси сервисінің мамандары 2025 жылғы сервис жұмысындағы такси сапарлары бағасының өзгеруіне қатысты негізгі көрсеткіштерді талдап шықты.
Сервис ұсынған мәліметке сәйкес, елде такси сапарларына деген сұраныс өткен жылмен салыстырғанда 19%-ға артқан. Ал Яндекс Таксимен серіктестікте жұмыс істейтін жүргізушілер саны шамамен 5%-ға көбейген.
2025 жылы барлық тарифтегі сапардың бір минуттық орташа бағасы 90 теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға жоғары. Дегенмен аталған көрсеткіш елдегі инфляция деңгейінен төмен болып отыр: ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың қараша айында жылдық инфляция 12,4%-ға тең болған.
Мамандар жыл ішінде сапар бағасына ықпал еткен түрлі факторды келтіріп отыр. Мәселен, 2025 жылдың мамыры мен тамызы аралығында жүргізушілер қатары қыс мезгіліндегі ең жоғары көрсеткішпен салыстырғанда 20%-ға азайған, осының салдарынан баға өскен. Ал қараша айында Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлерінде аса жылы ауа райы орнағандықтан, таксиге деген сұраныс кеміді, сәйкесінше, баға да әдеттегіге қарағанда төмен болды.

Яндекс Такси мәліметтеріне сәйкес, сапар бағасын анықтайтын басты факторлардың бірі – сұраныс деңгейі және оның өзгеруі. Оған жыл мезгілі, ауа райы және басқа түрлі оқиға ықпал етеді.
Сұраныс күрт өсіп, бос машиналар жеткіліксіз болғанда, алгоритм сапар бағасын уақытша көтереді. Бұл – жүргізушілерді желіге шығуға ынталандыру және такси сапарларына деген сұраныс санын азайту үшін жасалатын әрекет. Тапсырыс берген барлық адамды сапармен қамтамасыз ете алатын көлік саны жеткілікті болғанда, сәйкесінше, сапар бағасы да төмендейді.