Келер жылдан бастап Қазақстанда Тауарлардың ұлттық каталогын тауар айналымының барлық қатысушысы пайдалануға міндетті болады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Орталықтандырылған жүйеде кез келген өнімге NTIN коды беріледі, яғни әр тауардың «ЖСН» десек те болады. Осы ретте ұлттық каталогта өз өнімдерін кімдер және қалай тіркейтінін айта кеткенді орынды деп санаймыз.
Тауарлардың ұлттық каталогына кімдер қосылу керек?
Қазақстан аумағында тауарлар айналымына қатысы бар барлық кәсіпкерлік субъектісі ТҰК қосылуға міндетті. Бұл – өндірушілер, импорттаушылар, көтерме компаниялар мен дистрибьюторлар, бөлшек сауда дүкендері мен сауда желілері, онлайн алаңдар мен маркетплейстер.
Әр қатысушы біртұтас базаны өз қызметі аясында пайдаланады – тауарды тіркеуден бастап сату кезінде оның мәліметтерін дұрыс ұсынуға дейін. Бұл орайда тауар картасы тегін жасалатынын айта кетейік. Сондықтан ТҰК енгізу бағаның өсіміне әсер етпеуі тиіс.
Ұлттық каталогта тауар карталарын кімдер тіркеуі керек?
Тың тетікте тауар карталарын өнім өндірушілері немесе оны елге әкелетіндер тіркеуге міндетті. Егер де 2026 жылдың 1 қаңтарында ТҰК-да тіркелмеген тауарыңыз сатылымда тұрса, мейлі өндіруші немесе импорттаушы болмасаңыз да оған NTIN кодын белгілеу керек. Тауар картасының бар-жоғын тексеру үшін, сондай-ақ жаңасын жасап, өзгерістер енгізу үшін nct.kz сайтында тіркелу қажет.
Жаңа картаны толтырған кезде тауардың атауы, бренді, сипаттамасы, құрамы және қай елде жасалғаны туралы ақпаратты қосу қажет. Картаны жасамас бұрын өнімнің каталогта бар-жоғын тексерген жөн. Жүйеде қазір 15 млн астам карта бар. Егер де бір тауарды түрлі импорттаушы жеткізумен айналысса, демек оның картасы бұрыннан жасалған болуы мүмкін. Мұндай жағдайда тауарды қайта тіркеудің қажеті жоқ.
Бақылау-кассалық машиналарды жаңарту: кімге не істеу керек?
ТҰК енгізілгеннен кейін барлық бақылау-кассалық машинасы NTIN кодтарын бере алатын 2.0.3 хаттамасы бойынша жұмыс істеуі керек. Бұл жұмысты БКМ техникалық қызметі Фискалды деректер операторымен бірлесіп дербес жүзеге асыратынын атап өткен абзал. Бизнеске тек біртұтас каталогта тіркелген NTIN коды бар өнімді пайдалану мен оны сату кезінде сканерлеу қажет.
Бұл ретте Қазақстан аумағында сауда қызметінде кассалық машиналарды қолдану заңда белгіленген талап болып саналатынын айта кету керек. Базарлар мен ауылды жерлердегі саудагерлер үшін жеңілдетілген схемалар қарастырылады. Бірақ жүйеге қосылудан айналып өтуге жол берілмейтінін ескеру қажет.
Егер де қандай да бір өнімнің NTIN ұлттық коды болмаса, онда сауданы бұғаттамау үшін оған уақытша код беріледі. Бұдан кейін кәсіпкер ТҰК-да қажетті мәліметтерді енгізіп, тұрақты кодты алуы тиіс.