Экология, климат және су салалары: Қазақстан мен Германия өзара іс-қимылды күшейтуде

1056
Фотосурет: Gov

Германия астанасында Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасының Сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялар өтті. Қазақстан делегациясын Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов, ал Германия делегациясын Германия Федералдық Сыртқы істер министрлігінің Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия бойынша уәкілі Никлас Вагнер басқарды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Тараптар 2025 жылғы екіжақты ынтымақтастықтың нәтижелерін қорытындылап, саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық және өңірлік салалардағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын анықтады. Қоршаған орта мәселелеріне, климаттың өзгеруіне бейімделуге, су ресурстарын басқаруға, Орталық Азия және Германия стратегиялық өңірлік әріптестігі (C5+1) аясында бірлескен жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылды.

Бұл ретте, С5+1 форматындағы ынтымақтастықты талқылау мақсатында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары А.Исетовтің ГФР Сыртқы істер министрлігінің саяси директоры Д.Муттермен кездесуі өтті.

Сапар аясында А.Исетов Бундестаг депутаты және «Германия – Орталық Азия» парламенттік тобының төрағасы К.Гёркемен, Қазақстан-Германия іскерлік кеңесінің тең төрағасы жәнеГермания экономикасы шығыс комитетінің директоры М.Хармспен кездесті. Келіссөздер парламентаралық диалогты кеңейту, сауда-экономикалық байланыстарды дамыту және Қазақстан экономикасының негізгі салаларына неміс инвестицияларын тарту мәселелеріне арналды. Тараптар ұзақ мерзімді және сындарлы ынтымақтастық пен әріптестікке өзара мүдделіліктерін растады.

Сонымен қатар, сапар шеңберінде «Диалог және сенім: Қазақстан бойынша медиа және сараптамалық коммуникация» атты Берлин Еуразиялық клубының 45-ші отырысы өтті. Қатысушылар сенімді нығайту және сараптамалық желілерді кеңейту мәселелерін талқылап, сондай-ақ БАҚ-тың Қазақстандағы реформалар мен әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді объективті түрде жариялаудағы рөлін атап өтті.

А.Исетов Қазақстанның мемлекеттік басқаруды жетілдірудегі табыстарын атап өтіп, ашық әрі конструктивті халықаралық диалогқа дайын екенін білдірді.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар тұрақты диалогқа, екіжақты және өңірлік байланыстарды одан әрі нығайтуға, сондай-ақ Қазақстан мен Германия арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдетуге бағытталған бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға деген ұмтылыстарын құптады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -