Қаржы реттеушісі қор нарығын цифрлық құралдар арқылы жаңғыртуда

737
Фотосурет: Gov

Астана қаласында «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында Тәуелсіз директорлар қауымдастығы ұйымдастырған «ЖИ дәуіріндегі Директорлар кеңесінің эволюциясы мен практикасы» атты форсайт-сессия өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Іс-шараға мемлекеттік және жеке құрылымдардың өкілдері, сондай-ақ сарапшылар қатысты.

Құттықтау сөзінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова қаржы реттеушісінің қор нарығын дамыту және корпоративтік басқаруды жақсарту жөніндегі шараларын атап өтті.

Соңғы жылдары бағалы қағаздар нарығы бюджет пен бизнесті қаржыландырудың қосымша арнасы ретінде сенімді дамып келеді және инвесторлардың Қазақстанға деген сенімінің көрсеткіші ретінде қызмет етуде. Акциялар нарығын капиталдандыру 22%-ға ұлғайып, 40 трлн теңгені құрады. Биыл тоғыз айда эмитенттер 8,6 трлн теңге тартты – бұл өткен жылмен салыстырғанда 5%-ға артық.

Қор биржасында 75 эмитенттің 88-ге жуық акциясы айналысқа түседі, облигациялар секторында 143 эмитенттің 660 корпоративтік облигациялар шығарылымы тіркелген. 2022 жылдан бастап 100-ден астам жаңа эмитент биржаға шықты. Бөлшек инвесторларға арналған биржадан тыс платформа іске қосылды, бұл қаржы құралдарына қолжетімділікті жақсартады.

«Қор нарығының инфрақұрылымын цифрлық трансформациялау аяқталды – сауда және есеп айырысу-клирингтік жүйелер жаңғыртылды, барлық сегменттерде орталық контрагент енгізілді. Орталық депозитарий бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімдерін автоматтандырды және эмитенттердің корпоративтік іс-қимылдары үшін порталды іске қосты. Біз Euroclear, Clearstream және BNY Mellon-мен байланыстарды кеңейте отырып, шетелдік инвесторларға тікелей қол жеткізу үшін жағдай жасадық, бұл өтімділік пен сенімді арттырады», – деп атап өтті Мәдина Әбілқасымова.

Институционалдық деңгейде Инвестициялық қорлар туралы жаңа заң жобасы дайындалды, инвесторлардың жаңа сыныбына жол ашатын және ұзақ мерзімді сұранысты ынталандыратын Эндаумент қорлар туралы заң қабылданды.

«Маңызды қадамдардың бірі – кредит қабілеттілігіне тәуелсіз баға беретін, рейтингтерге қолжетімділікті арттыратын, капиталдың жаңа арналарын ашатын және корпоративтік облигациялар нарығын нығайтатын Ұлттық рейтингтік агенттікті құру», – деді Агенттік басшысы.

Корпоративтік басқару стандарттарын арттыру мәселесі негізгі мәселе болып табылады, себебі ол инвесторлар үшін ұзақ мерзімді орнықтылық пен тартымдылықты айқындайды. Осыған байланысты Агенттік тәуелсіз директорлар институтын нығайтты. Бұл өзгеріс стратегиялық шешімдердің объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған.

«Тәуелсіз директорларға қойылатын қосымша талаптар енгізілді, олардың Директорлар кеңесінде болу мерзімі 9 жылға шектелді. Бұл құрамды үнемі жаңартып отыруға, қалыпты жағдайды болғызбауға және жаңа көзқарасты сақтауға көмектеседі. Тәуекел-менеджмент, ішкі аудит және комплаенс сияқты негізгі функциялардың басшылары тәжірибе мен беделге қатаң талап қойылатын топ-менеджментке теңестіріледі, бұл олардың тәуелсіздігін арттырады», – деп атап өтті Мәдина Әбілқасымова.

Сонымен қатар, қор нарығында шешуді талап ететін жүйелік мәселелер сақталуда. Бұл жекелеген процестерді шамадан тыс реттеуге, корпоративтік басқарудың шектеулі болуына, сондай-ақ бөлшек инвесторлардың пассивтілігіне және институционалдық инвесторлар үшін пруденциялық нормативтерге байланысты сұраныс тапшылығына байланысты реттеушілік кедергілер.

«Осы мәселелерді шешу үшін Агенттік бағалы қағаздар нарығы, акционерлік қоғамдар және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер туралы заңнаманы реформалауды көздейтін түзетулер блогын әзірлеуді жоспарлап отыр. Түзетулер икемді корпоративтік құқықты енгізуге, реттеушілік рәсімдерді жеңілдетуге, қор нарығына шығу кезінде шығасыларды азайтуға, сұранысты жұмылдыруға және өңірлік интеграцияға бағытталған»,– деп хабарлады Агенттік Төрағасы.

Атап айтқанда, ЖШС мен АҚ арасындағы құрылымдық алшақтықты азайту үшін икемді корпоративтік құқық пен жаңа ұйымдық нысан енгізу ұсынылады. ШОБ-ты қолдау үшін биржада листингке оңайлатылған талаптар қоюды көздейтін  жеке сегмент енгізілетін   болады.  Эмитенттердің листингке шығу мерзімдерін қысқарту және бағалы қағаздар шығаруға және олардың айналымына түрлі рұқсаттар беру жөніндегі Агенттіктің, KASE және ОД функцияларының қайталануын жою мақсатында «Бірыңғай терезе» құру көзделеді.

 «Инвесторлардың құқықтарын қорғау және нарыққа деген сенімді арттыру үшін рейтингтік ақпаратты жария ету бойынша талаптар енгізу, инсайдерлік операциялар мен айла-шарғы жасауды бақылауды күшейту, жосықсыз практикалардан кепілдік беру қорларының жүйесін дамыту ұсынылады. Тәуелсіз директорлардың рөлін кеңейту, оларға аудит жүргізуге құқық беру, сондай-ақ инвесторлардың құқықтарын алаяқтықтан қаржылық қорғау тетіктерін іске қосу жоспарлануда», – деп сөзін толықтырды Агенттік басшысы.

Цифрландыру Агенттіктің стратегиялық басымдықтарының бірі болып табылады. Ұлттық Банкпен бірлесіп цифрлық қаржы активтері үшін құқықтық база құрылады, ол дәстүрлі бағалы қағаздар сәйкес келетін   стандарттарға сәйкес келеді. Бұл қауіпсіз және инновациялық цифрлық нарықтың негізін қалап, елдің аймақтық қаржылық технологиялық-хабқа айналуға өршіл мақсаттарын қолдайды.

«Қор нарығындағы өтімділік деңгейін арттыру үшін институционалдық инвесторларды инвестициялау мүмкіндіктерін кеңейту жоспарлануда. Оларға активтердің әр түрлі кластарын, соның ішінде цифрлық активтерді сатып алу бойынша ауқымды мүмкіндіктер беріледі. Қаржы активтеріне меншік құқығын растау үшін өтімділікке DLT- жүйелерін енгізу айтарлықтай әсер етеді. Бұл есептеулерді жеделдетуге және қаржы құралдарын олардың иелерінің шоттарына тезірек есепке жазуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Мәдина Әбілқасымова.

Барлық шараларды іске асыру тәуекелдерді азайтуға, ашықтықты арттыруға және бизнестің капиталға қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді. Сессия аясында сарапшылар ЖИ-дің қарқынды дамуы жағдайында директорлар кеңесінің рөлін өзгертуді, сондай-ақ тиімді корпоративтік басқарудың негізі ретінде тәуелсіз директорлар институтын нығайтуды талқылады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -