Астанада Мұхтар Алтынбаевтың 80 жылдық мерейтойы аталып өтті

825
Фотосурет: Gov

Астанада Мұхтар Алтынбаевтың 80 жылдығына арналған конференция өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университетінде Халық қаһарманы армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың өмірі мен қызмет жолына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті.

Оған әскери ғылым өкілдері, профессорлық-оқытушылар құрамы, университеттің докторанттары мен магистранттары, Қарулы күштердің ардагерлері қатысты.

Конференцияда алғаш сөз алған ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков Мұхтар Қапашұлының тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан әскерінің қалыптасуындағы рөлін атап өтті.

"Ел үшін ең қиын кезеңде ол үлкен жауапкершілікті өз мойнына алып, Қазақстан әскерінің негізін қалауға белсенді түрде атсалысқан тұлғалардың бірі болды. Оның әскери еңбегі мемлекет тарихымен тығыз байланысты" Генерал-майор Асқар Мұстабеков

Конференция барысында мерейтой иесінің жас кезіндегі шахтерлік жолы, оқу жылдары мен ұшқыштық мансабы туралы баяндамалар тыңдалды. Сондай-ақ, Мұхтар Алтынбаевтың елдің қорғаныс саясатын қалыптастыруға, әскери кадрларды даярлау жүйесін реформалауға, қауіпсіздік пен халықаралық әскери ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бастамаларды жүзеге асыруға қосқан үлесіне ерекше назар аударылды.

Ұлттық қорғаныс университетінің жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс кафедрасының бастығы отставкадағы генерал-майор Мүсілім Дайыров өз сөзінде армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың әскери жолын терең зерттеу жас офицерлер үшін өзіндік тәлім мектебі бола алатынын атап өтті.

Кездесу соңында генералдың мұрасын зерттеу жөніндегі ұсыныстар көтеріліп, олардың жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуге және азаматтық құндылықтарды қалыптастыруға негіз болатыны айтылды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -