Ұландық сарбаз жасаған инфопортал әскери бөлім жұмысын жеңілдетті

1496
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде мерзімді қызметін өтеп жүрген Алматы қаласынан шақырылған жас сарбаз IT саласындағы тәжірибесін тиімді пайдаланып, бөлімнің ішкі жұмысын айтарлықтай жеңілдеткен инфопортал жасап шықты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл портал бүгінде қызметтің көптеген бағыттарын автоматтандырып, уақытты едәуір үнемдеуге мүмкіндік беруде.

Қатардағы Ким Хён У Всеволодович  мектептен кейін Мәскеу жоғары оқу орнына түседі, алайда теориялық білімнен гөрі тәжірибеге бейімділігін түсінген соң елге оралып, веб-даму саласына ден қояды. Сайттар жасап, шағын агенттігін дамытып, тұрақты клиенттермен жұмыс істей бастайды. Қызметке кіріскенде, азаматтық саладағы білімі мен дағдылары әскерде өз орнын табады деп мүлде күтпеген.

Бөлімге алғаш келген сәттен-ақ жас сарбаз мұндағы жағдайдың жақсы ұйымдастырылғанын байқайды. Әскери ортаға бейімделу оңай болмаса да, дәл осы кезең оның көзін ашты: көптеген процестерді цифрландыру арқылы жеңілдетуге болатынын көрді. Ал IT саласындағы тәжірибе бұл ойды жүзеге асыруға мүмкіндік берді.

Инфопорталды құру идеясы бригада командирі тарапынан берілген тапсырмадан басталды. Алғашында сарбаз мұндай жобаны әскери ортада іске асыру мүмкін бе деп күмәнданған. Әдетте азаматтық саладағы көптеген құралдар мұнда қолжетімсіз, ал тәртіп пен регламент өте қатаң.     Алайда әскери бөлім қызметкерлерімен сөйлесе жүріп, олардың күнделікті жұмысындағы қиындықтарды тыңдап, нақты қай тұстарда уақыт пен күш көп кететінін анықтай бастады. Осылайша болашақ порталдың құрылымы біртіндеп қалыптасты.

Бүгінде бұл инфопортал бөлімнің ажырамас бөлігіне айналды. Бұрын ақпарат жеке құрамға тек саптағы жиындарда жеткізілетін болса, қазір маңызды мәліметтердің бәрі порталға жүктеледі. Осы арқылы бірқатар күнделікті саптық жиындардың қажеттілігі азайды. Құжаттар мен материалдар цифрлық форматта сақталып, бұйрықтар мен деректер жаңарып отырады. Штаб қызметіне қажет бірқатар құжаттарды рәсімдеу де әлдеқайда жеңілдеп, қателік ықтималдығы азайды.

Порталдың маңызды мүмкіндіктерінің бірі — цифрлық психологиялық тестілер. Бұрын психологтар қолмен тексеріп, есептеп отыратын көптеген көрсеткіштер енді автоматты түрде өңделеді. Нәтижесінде жарты жыл ішінде шамамен 500 жұмыс сағаты үнемделген. Бұл – нақты тиімділік.

Сарбаз әзірлеген жүйе тек формальды үшін емес, нақты мәселені шешуге бағытталған. Сондықтан қосылған әрбір функция бірден қолданысқа еніп, жеке құрамның жұмысын жеңілдетті. Жоба әлі де дамуда: жаңа бөлімдер, автоматтандырылған есептер және бөлімшелер арасындағы өзара әрекетті жеңілдететін құралдар қосу жоспарлануда.

Жас сарбаздың сөзінше, әскер – бір жылды «өткізіп шығатын» орын емес, нағыз нәтиже көрсетіп, өз ізіңді қалдыратын орта. Ол адамның пайда әкеле алуы үшін міндетті түрде программист болуы шарт емес екенін айтады. Маңыздысы – өзіне тапсырылған істі адал атқарып, жүйені жақсартуға ұмтылу.

Қызметтен кейін ол IT саласында жұмысын жалғастырып, елге пайдасын тигізетін жобалар жасауды жоспарлап отыр. Әскердегі тәжірибе оған кез келген жүйені тиімдірек етуге болатынын көрсеткен.

Жас сарбаз әзірлеген инфопортал күнделікті қызметті жеңілдетіп, бөлім жұмысын жаңа деңгейге көтерді. Азаматтық салада жинаған білімін әскерде тиімді қолдана білген ол жеке құрамға нақты пайда әкелетін заманауи құрал жасады. Жүйе бүгінде тұрақты дамып, қызметтік міндеттердің жедел әрі тиімді орындалуына мүмкіндік беруде.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -