Еліміздің жетекші әскери оқу орнында жеке құрамды жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне келтіру кезіндегі іс-қимыл дағдыларын жетілдіруге бағытталған кешенді тактикалық-саптық сабақтар өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Оқу-жауынгерлік дабыл әскери басқару органдары мен бөлімшелердің бастапқы жедел әрекет ету қабілетін, жеке құрамның жиналу деңгейін, штаттық қару-жарақпен және әскери техникамен жұмыс істеуге дайындығын жан-жақты бағалауға мүмкіндік берді.

Жеке құрам барлық командалық өкімдерді дәл және уақтылы іске асыра отырып, оқу-жауынгерлік міндеттерді барынша ережеге сай, ұйымшыл және кәсіби деңгейде орындап шықты.

Іс-шара соңында ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков бастықтардың жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасарларының, факультеттер мен кафедралар басшыларының, оған қоса құрылымдық бөлімшелер бастықтарының баяндамаларын да тыңдады.

Ұсынылған баяндамалар негізінде командалық пункттердің жақсы жақтары және одан әрі жетілдіруді талап ететін бағыттары айқындалды.

Шыққан қорытынды жауынгерлік даярлық сапасын одан әрі арттыруға, жауынгерлік міндеттерді орындау алгоритмдерін нақтылауға және алдағы оқу кезеңінде жеке құрамның кәсіби дағдыларын дамытуға негіз болмақ.