Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мәлімдейді: 2026 жылы 57 981 коммерциялық жылжымайтын мүлік иесі 2025 жыл үшін салықтық есептілікті тапсыруы қажет, деп хабарлайды DKNews.kz.
Салықтық міндеттемелерге коммерциялық мақсаттағы объектілерге — кеңсе үй-жайлары, сауда нүктелері, қоймалар, өндірістік кешендер, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметте пайдаланылатын өзге де нысандарға ие жеке тұлғалар, жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғалар жатады.
Салық тәртібін күшейту және цифрлық мониторинг аясында алдыңғы кезеңдер бойынша жүргізілген талдау нәтижесінде 20 мыңнан астам кәсіпкердің салық декларациясын тапсыру жөніндегі міндеттемесін орындамағаны анықталды. Аталған санаттағы салық төлеушілерге заңнамада көзделген әкімшілік шаралар қолданылды: бұзушылықтар жойылғанға дейін банктік шоттар бойынша шығыс операциялары тоқтатылды.
Салықтық міндеттемені орындау тәртібі:
- «Салық төлеушінің кабинеті» порталына кіру;
- «Құжат жіберу» бөлімін таңдау;
- «700.00 – Көлік құралдары салығы, жер салығы және мүлік салығы бойынша декларация» нысанын таңдау;
- Құжатты электрондық форматта толтырып, жіберу.
Астана қаласы бойынша МКД Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің сервистеріндегі жеке кабинеттерді тұрақты түрде тексеріп отыруды, есептеулердің болуын бақылауды және салықтық міндеттемелерді уақтылы орындауды ұсынады.
Жаңа жылды таза қаржылық тарихпен бастаңыз.