Роман Скляр заңсыз жанармай ағынымен күресу бойынша кезекті кеңес өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен мұнай өнімдері нарығындағы жұмыстың тиімділігін одан әрі арттыру мәселелеріне арналған кезекті кеңес өтті. Қатысушылар бақылау механизмдерін жақсарту бойынша ағымдағы нәтижелер мен қосымша қадамдарды талқылады.
Кеңесте Роман Скляр ішкі нарық ЖЖМ қажетті көлемімен тұрақты қамтамасыз етілгенін, мұнай өңдеу зауттары және логистика жұмысы штаттық режимде жүріп жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар көрші елдермен жанар-жағармай бағасының айтарлықтай айырмашылығын ескере отырып, отынды елден заңсыз әкетуге жол бермеу бойынша жүйелі жұмыс жалғасады. Жауапты органдарға профилактикалық және бақылау іс-шараларын жоспарлы түрде жалғастыру тапсырылды.
Үкімет шекарада және ел ішінде өзара іс-қимылдың жедел тетіктерін жетілдіру жөніндегі міндеттерді нақтылады. ІІМ, ҚММ, кедендік және шекаралық бөлімшелер арасындағы үйлестіру жедел ақпарат алмасуды қамтамасыз ету, бұзушылықтардың алдын алу және нарықтағы тәртіпті арттыру үшін күшейтіледі.
Сондай-ақ Энергетика министрлігіне секторды цифрландыру бойынша жұмысты жалғастыру тапсырылды. Мұнай базаларын есепке алу құралдарымен жарақтандыру және нақты уақыт режимінде деректерді беру негізгі бағыттардың бірі болып қала береді. Заңнамаға дайындалған түзетулер салаға қойылатын заманауи талаптарды бекітуге және мұнай өнімдерін есепке алудың бірыңғай стандартын қамтамасыз етуге арналған.
Роман Скляр Үкімет ЖЖМ нарығының ашықтығы мен тұрақтылығын, сондай-ақ ішкі нарықты уақтылы қамтамасыз етуді дәйекті түрде қамтамасыз ететінін атап өтті. Бұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті шаралар қолданылады.
Қорытындылай келе, Премьер-министрдің бірінші орынбасары мұнай өнімдері нарығының тұрақтылығы, оның ашықтығын бақылау және елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету басымдық болып қала беретінін атап өтті. Мемлекеттік органдар бұдан әрі МӨЗ-ден іске асырудың соңғы нүктесіне дейін ЖЖМ қозғалысының толық мониторингін жүзеге асырады.